Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақсақал кім, шал кім?

13.11.2025, 9:40 124

Бұл – өзекті өміршең тақырып. Адам туады, түлейді. Өсіп, ержетеді. «Жасында байқары жоқтың, қартайғанда айтары жоқ» деп жатады үлкендер.

Расымен де, адам ақсақалдық жасқа бірден келмейді. Ол – өмірлік тәжірибе арқылы қалыптасатын  өнегелі  іс.

Ақиқатты  айқындап жариялар,

Бара  жатыр  азайып  қариялар.

Дауыл  тұрса  бүлк  етіп толқымайтын,

Бара  жатыр  сарқылып  дариялар.

Неменеге жетістің  бала батыр,

Қариялар  азайып  бара  жатыр.

Бірі  мініп  келместің  кемесіне,

Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр, — деп жырлаған Мұқағали өлеңінің астарында   аласармас   ақиқат  жатыр.

Қарттарымыз – қадір тұтар қазы­наларымыз. Ардагерлерімізді ардақ­тап, құрмет көрсету – әрбіріміздің перзенттік парызымыз. Елімізде 1991 жылдан бері 1 қазан халықаралық қарттар күні болып бекітіліп, жылнама  күнтізбесіне  енгізілді.

Ақсақал  деп  қалдық, енді  осының  тінін  тарқатып  көрейін. Шерхан Мұртаза: «Дүйім жұрт сөзін тыңдап құлақ асқанды – абыз, ауыл-­аймаққа әмірі жүретінді – ақсақал, ал күйбің тірліктің шырғалаңынан  шыға  алмай  жүргенді  шал  деген  болатын»  дейді.

Бүгінде өкініштісі сол, қартқа лайықты аталы сөзін айта алмайтын, тұщымды ойы, сүбелі сөзі жоқ жандар жеткілікті арамызда. Қазақ хандығы тұсында хандар ақсақалдармен ақылдасып шешім шығаратын болған. Көзі қазы, көңілі таразы ақса­қалдар елдің ішкі мәселесін жүйе­лі жолға қойып отырған. Ақса­қал айтқан кесімді сөзіне тоқтау – қазақи қалыптасқан сана. Өткенге ой жіберсек, дәстүрлі қазақ қоғамында әлеуметтік институттардың бірі ақсақалдар институты болған. Бұл ұлттық рухани-парасаттылық құндылық­тарын сабақтастырып, қо­ғамдық  сананы  орнықтыруда  ерекше маңызға ие. Қазыналы қария – әдет-ғұрып, салт-дәстүр жоралғылар­дың дәнекері. Байырғы заманнан келе жатқан ақсақалды сыйлаудың үш түрлі мәні бар. Бірінші, асқан ақыл иесі. Екінші, дәстүр мен салтты берік сақтап, оның орындалуын қадағалайтын дана. Үшінші, ата-бабалар жүрген жолды ардақтап, қастер тұтқан құрмет иесі. Бұл – өткеннің  өнегесі,  бүгінгінің  бағдары.

Ардагерге деген елдің ілтипаты ерекше. Жыл сайын демалыс орындарына  жіберіліп  тұрады. «Ардагерді  ардақтайық» партиялық жо­ба­сы  аясын­да да пәрменді жұмыстар істеліп  жатыр. Ел  ағаларының  еңбек жолдары  ескеріліп, ғибратты ғұмыр­намаларын  кейінгі буын үлгі тұтып  келеді.

Қазіргі қоғамда аймағы ардақ­тайтын ақсақал да, шаруашылық шеңберінен аспайтын шал да бар. Келінімен билеген қартты да көзіміз көріп жүр. Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін уақыт деген ұлы ағзам өзі-ақ дәлелдеп шығады. Тек артынан сөз ерген шалдан, артында сөзі  қалған  ақсақал  көп  болса  игі.

Т.ШАЙДУЛЛАҰЛЫ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: