Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақ бота

11.11.2023, 10:00 715

HALYQLINE.KZ

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Байқоңыр ғарыш айлағының 30 жылдық тойына Мемлекет басшысы қатысатын болады. Облыс көлемінде жұмыс жоспары бекітіліп, дайындық жұмыстары жоғарғы дәрежеде жүріп жатты. Бір апта қалғанда Президенттің кенже қызын ертіп келе жатқаны белгілі болады. Әлия қызға қандай сыйлық ұсынамыз деген сұрақ ортаға тасталады. Ақылдаса келіп, ақ бота сыйлауға шешім қабылданады. Сонымен ақ ботаны іздеп, табу аймақтың батыс аудандарының бірінде басшылық қызмет істейтін біздің жерлесіміз Аббас Камалатдинге тапсырылады. Алғашқыда бота табу оңай шаруа болып көрінді. Екі ауданның «мен» деген жігіттері Ойсыл қара тұқымын бағып отырған ағайынға ат шаптырып іздегенмен, ақ бота табылмайды. Зерттеп келгенде, інгеннің ақ бота табуы мыңнан бірінде сирек кездесетін құбылыс екен. Жаңа туған ақ ботаны, қазақ ырымдап, көзден таса ұстаған. Уақыт жақындап, ботадан қүдер үзе бастағанда, шалғай ауылдан хабар жетеді. Дереу ағамыз серіктерін ертіп, Чапаев, қазіргі Ақтөбе ауылында Ыбырай мен Дәметкен Дәужігітовтер отбасында болады. «Жануардың сұлулығына таң қалмау мүмкін емес екен. Көздері тостағандай мөлдіреп, жүндері аппақ жібектей желбіреп, сүйкімділік пен нәзіктіктен майысып үзілейін деп тұрғандай. Көрген адам шынында көзін ала алмайтын жағдайға түседі екен» дейді ағамыз. Бота иесі көпбалалы ақ жаулықты Дәметкен анамыз Мемлекет басшысының атын естігеннен берген мол ақшаны алмай, тегін беремін деп көнбепті. «Хан қайырылып қараса, бақ қарайды» деген сөз бар халықта. «Бала-шағама ырым қылдым, айналайындар» деген екен көпті көрген анамыз. Уәделі уақытта ақ ботаны Байқоңырға жеткізіп, көздің жауын алатындай етіп, мойнына кемер белбеу байлап, оны да қазақи өрнектермен безендіріпті. Сыр бойы халқының атынан ақ ботаны Әлия қызға ақ жаулықты анамыз өзі тарту етіпті. Үкілі ақ ботаның сұлулығына көпшілік таңғалып, бас шайқапты. Қазақ сұлулықты бекер ботаға теңемеген. Президент те қызының көңілінен шыққан сыйлыққа риза болыпты. Ақ бота өз қызметін атқарған соң, ауылына жеткізіліпті. «Әлияға тілеулес болып, інгенінің қасында қала берсін» деп шешіпті әкесі. 

Жылдар өтіп, А.Камалатдин ағамыздың қызметі бірнеше рет ауысып, Сырдария ауданының Ақжарма ауылына қоныс аударып, директор болып жұмыс атқарып жүреді. Ақ бота туралы оқиғаны ұмытқалы қашан. Тек Президент аппаратынан шалған шұғыл қоңырау оқиғаны еске түсіреді. Баяғы ақ ботаны егесі іздеп жатқан көрінеді. Оңтүстік өңіріндегі Президент шаруашылығына тез жеткізуді тапсырыпты. Киелі тарту өз егесінде болу керек деп шешкен екен. Одан бері қанша жыл өтті. Біріншіден, ол Ойсыл қара бар ма? Мәселе сонда. Үлкен жауапкершілікті сезініп, ағайдың өзі жолға шығады. Сол аудандағы жігіттер бар, көптен бері соқпаған таныс үйге түседі. Жағдай сұрастырып, сәл сусындап алған соң, дастарқан басында әңгіме арасында Дәметкен апамыздың тамырын басып, баяғы ақ ботаны еске түсіреді ғой. Сөздің байыбына түсінген апамыз қонақтарды мал қораға апарады. «Айналайындар, хабар-ошарсыз кеттіңдер, аманаттың жүгі ауыр. Ақ ботаны көзден тасада ұстадым, биыл боталап тұр. Қартайғанда мойныма қарыз болмасын, аманатқа адал болайын, бұл күнге де жеткеніме  шүкір» деп іздеп келген жануарымызды көрсетті» дейді ағамыз. Ақ інгенді ботақанымен егесіне табыстаған апамыз,  жаратушының ықыласына бөленіп, сый-құрметке ие болған екен.

Осы әңгімені бұдан біраз жыл бұрын Аббас ағамыздың аузынан естігенімде, анамыздың сөзіне де, өзіне де тәнті болғанмын. Қазағымның салт-дәстүрін бойына сіңіріп, берекелі ошағын түтетіп, елге үлгі болып, ұрпағын еңбекке тәрбиелеп, халқымыздың санын көбейтіп, аманаттың туын кірлетпей отырған Дәметкендей аналарымызға қалайша риза болмайсың. Жазылмаған дала заңын сақтаған. Әр адамның өмірге келгендегі мақсат-мүдесі де осы болса керек. Сондықтан да болар есімде қалған осы қоңыр әңгімені сіздермен бөліскім келді.

Марат  ОМАРОВ,

Сырдария  ауданы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: