Тәуелсіздік алған жылдары елге нарық ілесіп келді. Алғашқыда қазақы салт-дәстүрмен тәрбиеленген ауыл адамдарына көп нәрсе түсініксіз болды. Оны сыртқа шығып оқыған бізше «Тәшкен көрген» дейтін көзі ашық азаматтар болмаса, үкіметке сеніп кеткен шаруа адамдарға бейімделіп кету оңай болған жоқ.
Бұрын сауда жасап жүрген адамдарды «саудагер» деп шеттетіп, капитализмнен келген жағымсыз жат тірліктерге жатқызатынбыз. Ол ақиқат. Ауыл-аймаққа ағарғанды сатпай тегін ұсынатын қазақ едік. Барлық азық-түлікті, керек-жарақты үкіметтің дүкенінен алатынбыз. Ауыл адамдарының көпшілігіне жұмысты, еңбекақыны кеңшар (совхоз) беретін. Ол ауылға үстемдік жасайтын жалғыз мекеме болатын. Кеңшар директорларының ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс заман да өтті басымыздан. Құрылым өзгерген кезде, кеңшар директорларының көпшілігі нарық жағдайын түсінбей малды, астықты жанар-жағармайға айырбастап, қора-қопсы, қойма-қырмандар бос қалды. Осындай қиын аумалы-төкпелі заманда біздің арамыздан да нарыққа бейімді жігіттер шыға бастады. Біздің ауданнан Шаған ауылы суырылып алға шықты.
Сол кезде осы шаруашылықты басқарған Қожабек Дәдікбаев туралы айтылған бір-екі әңгіме есіме түсіп отыр. Қожекеңнің Балтық теңізі бойындағы Вильнюс қаласынан партия мектебін бітіріп келген уақыты. Ол жақтағылар қазақтарды «Аңыздар елінен келген алыптар» деп желтоқсан оқиғасы кезінде Кеңес үкіметіне қарсы шыққан жалғыз ұлт есебінде қатты құрметтеп сыйлайды екен. Сол жақта жүріп партияның тарқайтыны туралы естиді. Әріптес достарына айтқан осы әңгіме ауданның бірінші хатшысының құлағына тиіп, бұны райкомның нұсқаушы қызметінен айырып, жұмыссыз етеді. Кейін Алмагүл Божанова апай әкім болып келіп, Қожекеңді әуелі «Казсельхозтехника» мекемесіне, сосын Шағанға совхоз директоры қызметіне қояды. Еуропа көрген жас жігіт ауылдың диірменін өрге сүйреп, таңғаларлық жетістіктерге жеткізеді.
Бір күні жұмыстарымен Қожекең қалада жүрсе, бұрын облыста басшы қызметтерде болған бір ағамыз кездесіп қалыпты. Жөн сұрастырып, арқа-жарқа болып, бұның жетістіктерін айтып, қоштасарда үлкен кісі бір-екі қап «Ақ маржаннан» кеусен дәметіпті. Екі-үш күннен кейін әлгі кісі бұған телефон шалып, «бала, екі дорба күріш беріп жіберіпсің» деп, жіберген кеусенді қомсынып ренжіген көрінеді. Сонда Қожекең нарық заманына сай қабы да бөлек болатынын түсіндіріп, ағасының ашуын әрең басқан екен. Сол кезде 25 келілік қапты Сырға әкелген осы кісі болатын. Қызылорда облысында күріш ақтайтын Германияның диірменін орнатып, ақ күрішті саудаға сыртқа шығарған да – Шаған ауылы. Америкалық «CASE» деген комбайнды да алғаш әкелген осы Қожекең еді. Өндіріс орындарын ашып, кәсіпті әртараптандырды.
Iлгеріде облыстық денсаулық орталығындағы кардиология бөлімінде шағандық Иса деген ағамен бір палатада ем қабылдап, Қожекең туралы айтқаны есімде қалыпты. Ол кісі шаруашылықта жанар-жағармай қоймасының кілтін біраз жыл ұстап егелік еткен. Күніне гараждан 60-70 техника жұмысқа шығады. Қожекең директор болып келгеннен кейін үш-төрт айдан соң кеңсесіне оңаша шақырыпты. «Сіздің жұмысыңызды зерделеп отырып, мынадай шешімге келдім. Осы уақытпен санаспай істеп жатқан қызметіңізге айлықтан бөлек күніге 15 литр бензин беремін. Оны күніне аласыз ба, әлде айына бір аласыз ба, өзіңіз білесіз, бірақ маған таза, адал қызмет жасап, есебін күнде беріп отырсаңыз болды» депті. Алғашқыда мол дүние жұмсап үйреніп қалған ағамыз 15 литрді місе тұтпай, мұнысы несі деп қатты ренжіген көрінеді. «Келіссеңіз істейсіз, бірақ бір литр лимиттен ассаңыз, жұмыспен қоштасасыз» депті. Амал жоқ, келіспей қайда барады. «Біразға дейін ренжіп жүрсем, Марат-ау, бекер екен. Ал есептеп көрейікші, күніне 15 литр – бір айда 450 литр, бір жылда 5 тоннадай бензинді өзім алады екенмін. Бұған айлықты қос» дейді. Кейін ұялып, сол бензиннен бас тартыпты ағамыз.
Қожабек бауырымыз шаруашылықтың әр саласын осылай зерделеп тәртіпке келтіріп, еңбеккерлердің маңдай термен тапқан табысын өз пайдасына жаратпай, шығын шығармай шаруашылықтың өндірісін кеңейтіп, еңбеккерлердің айлығын үнемі көтеріп отырды. Бір сөзбен айтқанда, ауылдағы жерге де, елге де егелік етті. «Шаған» агрофирмасының аты елімізге танылып, «Ақ маржан» күрішін өзі өндіріп, оны өңдеп нарыққа шығарды. Директормын деп көзге күйік болатындай соңғы маркалы көлік мініп, отбасына, ағайынына ерекше зәулім сарай салғызып, онсыз да бірде жетіп, бірде жетпей отырған ауыл еңбеккерлерінің ызасын келтіріп, аттың үстінен қараған жоқ марқұм. Осы кісінің ізін, тәжірибесін үлгі етіп, қанағат тұтып келе жатқан директор інілері де қазір баршылық. Елдің де, мемлекетіміздің де құрметіне бөленіп жүр. Соңғы жылдары қырманы жоқ ауыл көбейіп барады. Қырманға түскен астық таразыдан өтіп, есепке алынып, елдің назарында болады. Бұл кімге тиімді, әрине, шаруашылық басқарып отырған кәсіпкер мен оған ақша құйып отырған инвесторға өте пайдалы. Шаруалар алдында жауапкершілік, есептілік жоқ екенін білетін олар ойына келген бағамен жұмыс істеуде. Әрине, бәрі емес. Қазір күріштің күрмегімен қоса қабығына дейін ақша болып тұр. Осыны ұққан ақшалы азаматтар ауылдағы шаруашылыққа егелік етуге немесе сырттан билік жасауға тырысуда. Осылай ағайын жағалаған ақшалы азаматтар елдің ішінде дау туғызып отырғанын ауыл тұрғындары көріп отыр. Қазір ауыл тұрғындары сауатты. Олар интернет желісі арқылы күнделікті нарықтан ақпарат алып отыр. Жауапкершілік екі жақта да болу керек.
Үлескер жалпы жиналыста жерін берген пайдаланушыға өз талаптарын ұсынып, жылына көктемде, күзде үлескерлердің алдында істеген жұмыстарына ашық есеп беріп отыру керектігін хаттамамен бекітіп, оны міндетті түрде заңдастырып қою керек. Сенім білдірген директордың өзімен келісімшартқа отырғанда жер мәселесіне келгенде шексіз билікті оған беріп қоймай, үлескерлердің келісімімен міндетті түрде шектеу қажет. Келісімшартта үлескерлерге жыл қорытындысымен берілетін үлестерін (дивиденд) алған өнімге байланысты көрсетілуі тиіс. Оның да өнім алсын, алмасын міндетті түрде төменгі шекті мөлшері болу керек. Бұл шаруашылықтардың ішкі дауына мемлекеттік қызметкерлер, әкімдер араласа алмайды, оған үкімет заңмен шектеу қойған. Сондықтан кінәні жергілікті әкімдерден іздемей, жоғарғы жақта отырған ел басшылары, Парламент депутаттары бір мәмілеге келіп, күннен-күнге үдеп бара жатқан жер дауына тоқтау қоятын жол табу керек. Я, билікті шектемей, әкімдерге беру керек. Бұрынғы заңсыз иемденіп жасалған келісімшарттарды бұзып, қайта қарамаса, бұл дау елде тоқтамайды. Ағайынды, туған бауырларды арыздастырған жер мен билік дауын тоқтатып, бір жағына шығару керек.
Мәселе қатты ушықпай тұрғанда даудың төркінін іздейтін кез келді. Ауылдарда жиілеп кеткен даулардың басында билік құрып жүрген інілеріме айтарым, Құнанбайды Итжеккенге айдап бара жатқанда қарсыласы Барақ орыс патшасына кепілдікке қалың мал беріп алып қалған кезде «Бақ деген – аумалы-төкпелі. Өлсең де аяғың үзеңгіден кетпесін, Құнанбай» деген екен. Қазақ ата салт-дәстүрімен сөзге қиса да, бірін-бірі жамандыққа қимаған. Еңбекпен күнін көріп отырған ел азап шекпеген. Ілгеріде Айтуар шешен айтқан екен «Қара қазаққа хан ие, Қара жерге халық ие» деп. Бұл – шындық, ақиқат. Түсінген адамға бұл сөздің астарында біраз дүние жатыр, ағайын.
Марат ОМАРОВ,
ауыл шаруашылығы саласының ардагері.
Сырдария ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!