Күн райына байланысты көпқабатты үйлерге жылу жылдағыдан ерте берілуі мүмкін. Дайындық жұмыстары бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес атқарылуда. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жаңабаев мәлімдеді.
Бүгінде аймақтағы 1064 әлеуметтік нысанға және 708 бу қазандығына жөндеу жұмыстары істелді. Сонымен қатар, «Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорны бойынша 17 дана автономды-блокты модульдік қазандықтарға да ағымдағы жөндеу жүргізілді. Бұдан бөлек 4,3 шақырым кварталішілік жылу желілері жаңартылды. Кәсіпорын резервуарларында 4,6 мың тонна мазуттың авариялық қоры бар.
«Сондай-ақ, ауа райы күрт өзгерсе, 9 градустан төмендесе, көпқабатты үйлерге жылу беріле бастайды. Біз оған дайынбыз. Мәселен, былтыр ауа райының салқындауына байланысты 10 қазан күні жылу берілген болатын», – дейді Е.Жаңабаев.
Айта кету керек, жалпы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала нысандарының 2021-2022 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде және облыстық штабтың тұрақты бақылауында.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!