Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жыл басынан бері су айдындарында 5 адам құтқарылды

23.07.2024, 8:55 117

HALYQLINE.KZ

Қазіргі таңда облыс аумағында суға шомылуға тыйым салынған 63 қауіпті аймақ бар. Жыл басынан бері аталмыш орындарға 334 ескерту тақтайшасы орнатылып, 92 билборд ілінген. Одан бөлек, бүгінде жауапты сала мамандарымен бірге 1 435 рейдтік жұмыс жүргізіліп, 46 мыңнан астам тұрғынға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Жандос Жүгінісов мәлімдеді.

– Облыстағы су айдындарында, әсіресе, Сырдария өзенінде жыл сайын азаматтардың суға түсудегі сақтық шарасына бейжай қарағаны және белгіленбеген орындарға түсуінен қайғылы жағдайлар болады. Жыл басынан бері су айдындарында 5 адам құтқарылды. Суда адамдардың қаза болуының басты себебі – қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы. Қазіргі таңда аймақта 18 стационарлық және 6 модульдік бассейн орнатылған. Қосымша жеке кәсіпкерлер тарапынан жазғы демалыс орындарында 11 стационарлық бассейн бар. Сондай-ақ, облыста жазғы демалыс уақытында 8 балалар лагері жұмыс істейді. Облыс тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі мақсатында күнделікті 11:00 мен 22:00 аралығында жауапты сала мамандарын жұмылдыра отырып рейдтік жұмыстар ұйымдастырылуда. Бұл профилактикалық жұмыстарға 575 ерікті де өз үлестерін қосып жатыр. Осы орайда, тұрғындардан суға түсер уақытта қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауын және балаларды ересектердің бақылауынсыз суға түсірмеуін сұраймыз,- деді Жандос Шайымұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: