Биылғы қала күнін тойлау мерекесі бұрынғыдан өзгерек. Бүкіләлемдік пандемияға сәйкес бұл жолғы бағыт басқа арнаға бұрылды. Көпшілігі қысқартуға ұшырап, кейбіреулер қызметтен қол үзіп қалды. Осыны ескере отырып, қала әкімдігі әлеуметтік жағдайы төмен, асыраушысы жоқ және мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық жасауды жөн көріпті. «Құр ән айтып, би билегеннен гөрі халыққа осындай игі шарамен қызмет көрсетуді жөн көрдік» дейді олар. Қаладағы «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің алдында «Қызылорда – мейірімді қала» атты қайырымдылық акциясы өтіп, шаһар басшысы шараға атсалысқандарға алғысын білдірді.
– Ізгі іске ұйытқы болған барша мейірімді жандарды, жәрдем ұсынған жомарт жүректі азаматтарды сүйікті қаламыздың төл мерекесімен құттықтай отырып, мұқтаждарға сая болып, достық пейіл танытқандарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Өздеріңізге белгілі, бүкіләлемдік пандемияның дауылы бізге де әсерін тигізді. Сондықтан той тойлап, думандататын сәттерді уақытша доғарып, болашағымызды бағдарлауға табанды еңбек етуіміз керек. Осы ретте қала күніне ұйымдастырған жылдағы шараларды қысқартып, от шашу мен концерттерге шектеу енгізіп, қайырымдылық ісіне мән бергенді жөн санадық. Қаламызда қайырымды жандардың қатары артып келе жатқандығы көңіл қуантады. Мәселе – олардың материалдық игілігінде емес, рухани байлығында. Осындай жанашыр азаматтары бар елдің берекесі де арта түспек, – деді қала басшысы Ғ.Қазантаев.
Қала күні мерекесі қарсаңындағы «Қызылорда – мейірімді қала» атты қайырымдылық шарасы аясында тұрмысы төмен 200 отбасына көмір отыны, 1500 отбасыға азық-түлік себеттері таратылмақ.
Шара барысында Қызылорда облысының бас имамы Болатбек Әбуов те сөз алып, ізгі ниет-тілегін білдірді.
– Ең алдымен баршаңызды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен, қала күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Осындай мерекелердің тұсында қайырымдылық акциясын ұйымдастыру игі іс-шаралардың бірі деп ойлаймын. Қолдан келгенше көмек беріп, жомарттық танытқан азаматтарға Алла мол сауаптан жазсын. Жасап жатқан кәсіптеріңіз берекелі, отбастарыңыз аман болсын. Дінімізде де, Пайғамбарыздың (с.а.с) хадистерінде де «алған қолдан берген қол абзалырақ» дейді. Және Алланың алдында құрметті адам деп жүрегі кең, жомарт адамды айтады. Сіздерге Алла разы болсын,- деді Б.Әбуов.
Жабыққан жанның жанына желеу болуға асыққан «Қайырымдылық керуені» нысаналы жерлерге бет бұрды. Ізгі істердің жалғасы болған шара негізінен жыл сайын ұйымдастырылып жүр. Бірақ, бұл жолы ауқымы кеңейген. Алдағы уақытта да дәстүр жалғасын таба бермек.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!