Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жазда балаларды кітап оқуға қалай қызықтырамыз?

14.08.2025, 12:00 628

Жаз – балалар үшін де демалыс мезгілі. Бірақ ала жаздай ойынның қызығымен жүріп, үш айда бірде-бір кітаптың бетін ашпаған бала күзде сабақ басталғанда бар білгенін ұмытып қалуы мүмкін. Өйтпес үшін, кітаппен дос болғаны абзал! Күн сайын тым болмаса 1 сағат уақытын кітап оқуға бөліп, үйдегі үлкендермен кітап туралы ойын ортаға салып отырса, қандай керемет! Өйткені, кітап оқыған баланың қиялы сергек болады, оқу дағдысы дамиды, сөйлеу шеберлігі мен есте сақтау қабілеті арта түседі.

КІТАП  ОҚУ  АЗАП  ЕМЕС!

Шындығында оқудан қолы босаған балалар сағаттап интернетте, әлеуметтік желілерде «отыр». Өзіне не керегін білмейді. Желідегі ақпаратты сапырып қарап, уақытын «өлтіреді». Бұл әрекет номофобияға шалдықтырады. Иә, ол да – аурудың бір түрі. Смартфонсыз қала­мын ба деген үрей тудырған дертке әлемде гаджет қолданатын жандардың 90 пайызы шалдыққан. Әке-шешесінің я болмаса үлкендердің тарапынан бақылаудың жоқтығы баланың санасына қауіп төндіруде. Не істеу керек? Бұл жердегі қауіптен баланы да, әке-шешесін де құтқаратын  жолдың  бірі – кітап  оқу.

БАЛА  НЕГЕ  ҰНАТПАЙДЫ?

Қазір кітап оқитын балалар көбейіп келе­ді. 6-14 жас аралығындағы балалардың 70 пайызы кітап оқуға қызығады. Ал 15 жасқа толған бала­лардың арасында бұл көрсеткіш бәсең. Оның бір себебі – 6 жасынан бастап кітап оқуға дұрыс баулымау, үстірт қарау, баланы кітап оқуға мәжбүрлеу. Егер ата-әжесі, әке-шешесі кітапқа қызықпайтын баланы күшпен оқуға мәжбүрлесе, оның  санасында кітап оқу азап деген ұғым қалып қояды. Өйткені, кітап оқу ойнау­ға, теле­дидар көруге, смартфон қолдануға кедер­гі келтіреді. Психолог-мамандар баланың кітапты жек көрушілігін  туғызатын себептерге: кітап оқу әдетінің болмауын, қызықтырмайтын  кітаптарды,  мәтін  оқудағы кемшіліктерді, ынталандырудың жетіспеушілігін жатқызады. Расында да қазір теледидардың өзін сирек көретін балалар интернеттегі бейнеойындарға көп  уақытын  жұмсайды. Ондай балаларға кітап оқу көңілсіз және қызықсыз іс болып көрінеді. Баланы бір оқығаннан қызықтырып, елітіп  әкетпейтін кітап ықыласының жойылуы­на әкеледі. Кейбір балалар жастайынан кітап оқуға дағдыланбаса, оқуға қиналады. Олар үшін кітап оқу – қиын әрі шаршататын іс. Мектепте жазда оқуға берілетін кітаптардың тізімінде бала қызық­пайтын кітаптар кездеседі. Көп бала үшін міндеттелген нәрсе қарсылық туғызады. Ондай кезде кітап оқу  ешқандай да рақат  сыйламайды.

ҚЫЗЫҚТЫРУДЫҢ  АЛТЫ  ҚАДАМЫ

Үш айға демалысқа шыққан балаларды кітап оқуға қызықтыру қиын емес. Бұл жерде әр адамға мұқияттылық, сауаттылық керек. Өз тарапымнан  алты  түрлі  қадамды  ұсынамын.

Бірінші қадам – баламен бірге кітап оқитын жайлы жер дайындау. Кітап оқуға ыңғайлы, жайлы, әдемі жер таң­дау  да  қызықтыруға әсер етеді. Бала өзінің босаңсығанын сезінгенде, наза­рын аударатын еш нәрсе болмағанда, оқыған ақпаратын әсерлі, шынайы қабыл­дайды. Ол үшін кітап сөресі тұрған бөлмедегі жұмсақ орындыққа отырып, үстелшамды жағып қою да жеткілікті.

Екінші қадам – баламен бірге оқу. Өзіне оқытқаннан гөрі, анасымен не әкесімен бірге оқу – кітап әлеміне қызықтырудың тамаша тәсілі. Әуелі анасы немесе баласы, я болмаса керісінше кезек­тесіп оқыса, әсерлі әрі қызықты болары анық. Бірінші беттен бастап дауыстап оқуды ұмытпаңыз. Кейіпкер­лердің диалогтарын интонациямен жеткізсеңіз, балаға керемет әсерін сезе­сіз. Әр тарауды оқып біткен соң, шағын талқылау жасаңыздар. Қай кейіпкердің ұнағанын  немесе  ұнамағанын  сұраңыз.

Үшінші қадам – бала оқитын кітабын өзі таңдасын. Оның қызығушы­лығына сәйкес келетін кітапты таңдаңыз. Ол көркем шығарма да, қиял-­ғажайып комикс те, жануарлар не спорт түрлері туралы жинақ та болуы мүмкін. Баланың қызығушылығына сәйкес келетін кітапты толық оқитыны анық. Кітап дүкеніне немесе кітапханаға барып, сондай кітапты тауып алыңыздар.

Төртінші қадам – кітаптың ең қы­зық­ты деген жерлеріне келгенде үзіліс жасап, далаға шығыңыздар,  болмаса ас үйге барып, шай ішіңіздер. Бұл тәсіл балаға кітапты әрі қарай қызы­ғып оқуға көмектеседі. Ол оқиғаның немен біткенін  білгісі  келіп, тағатсыздана  күтеді.

Бесінші қадам – әке-анасы немесе ата-әжесі жақсы үлгі-өнеге көрсете білсе, нәтижесі бірден байқалады. Егер үйде балалар әкесі не анасы қызықты кітап оқып, содан рухани ләззат алып отырғанын көрсе, ұқсағысы келіп, қолы­на кітап алады. Тіпті, кітаптағы қызықты оқиғаны балаға дауыстап оқып  не  әңгімелеп  беріңіз.

Алтыншы қадам – кітап оқуды күн тәртібіне жазып қана қоймай, әдет қылып қалыптастырыңыз. Мысалы, ұйқыға жатар алдында, түскі сағат 12-ге дейінгі уақытта отбасы мүшелері түгел кітап оқу дәстүрін енгізіңіздер. Тұрақты түрде кітапқа үңілген баланың бойында тамаша әдет пайда болады, ол өмірінің бір  бөлшегіне  айналады.

ТАЛҒАМҒА  САЙ  КІТАП  БАР  МА?

«Қазір қазақ тіліндегі балаларға арнал­ған кітаптарды табу қиын», «Шет тілдерінен аударылған кітаптардың мазмұны балаға қабылдауға ауыр», «Бала­ның талғамы мен сұранысына сай келетін шығармаларды қайдан сатып алуға болады?», «Тілі жеңіл, баланы жалықтырмайтын оқиғалары бар қызықты кітапты кім біледі?» деген са­уалдарды әлеуметтік желілерден оқып, көріп жүрміз. Қазіргі балалар әдебие­тінің басты мәселесінің бірі – зама­науи шығармалардың аздығы, яғни балаларға арналған жаңа, қызықты, қазіргі заманға сай шығармалар жеткіліксіз. Сонда қазіргі балаларға қызықты әдебиет жазу үшін авторлар қандай бағытқа назар  аударуы  тиіс?

Қызықты әдебиет, қызықсыз әде­биет демей, қызықты шығарма немесе қызықсыз шығарма дейік. Иә, балаларға арналған шығарманың қызықты болуы үшін, ол сол балаға ұнауы керек. Назарын аударуы қажет. Қызық­тыруы тиіс. Бұл үдеден шығатын шығарма жаза­тын автор қазіргі балалар­дың мінез-­құлығын, сана-сезімін, ақыл-­түйсігін терең зерттеп, не нәрсеге қызы­ғатынына көңіл бөлгені абзал. Әрине, күрделі де қиын іс. Алайда қиын деп отыра беретін болсақ, қазақ балаларын басқа тілдегі авторлар қызық­тырып, өзіне тартып алады. Онсыз да кітап оқуға құлықсыздық басым. Әлеу­меттік желілер күн сайын жарқ-жұрқ еткен дүниел­ермен баланың назарын өзіне аударып жатқан заманда қандай қызықты шығарма жазылуы керек? Шағын повестер. Шағын әңгімелер. Шағын әртегілер. Қызықты өлең-жыр­лар. Заманауи комикстер. Комикстер­дің аудармасы деген де мәселе бар. Ол аудармаларды белгілі бір сүзгіден өткізе­тін көркемдік кеңес, құзырлы комис­сия деген жоқ. Әркім өз шамасына қарай аударып, шығарып жүр. Меніңше, осы бағыттарға Үкімет те, балалар жазушылары да дұрыстап көңіл  бөлетін  уақыт  келді.

Қазір қазақ балалар әдебиетінде комикс пен иллюстрациялық кітаптардың аздығын көріп жүрміз. «Аруна» баспасы шығарған кітаптардың мазмұны шағын, қағазы қалың, бағасы қымбат. Әр үйдің балалары сатып алып, оқи алмайды. Иллюстрациялық кітаптарға Бэтмэн, Өрмекші адамды емес, заманауи ұлттық қаһармандарымызды бейнелесек, ұтамыз. Мысалы, орыстың «Маша мен Аю», мысықтар отбасы сияқ­ты мультфильмдерді қазақ балалары неге тапжылмай отырып көреді. Оларда мейірім, адамгершілік, ізгілік тақырыбы менмұндалап тұрады. Баланың жүрегі мейірімге сусайды. Ал ол қай тілде болғаны маңызды емес, бір көргеннен ұнаса, қайталап та көре береді. Сол сияқты, балаға бірден әсер ететін шынайы ізгіліктің дәнегін себетін аниме, комикс, иллюстрация өнімдеріне кітап дүкендерінің сөрелерін толтырып тастасақ, балалар бір көргеннен қызығады. Қазақ балалар әдебиетінде тақырып жетерлік. Тек, сол тақырыпты баланың талғамына сай ұсынуға келгенде дағдарыс бар сияқты. Жасандылық көзге көрініп тұрады. Әрине, бізге Логикомикс сияқты өнім жасау қиын. Десек те ниет етсек, бәрін жүзеге  асыруға  болады.

Сөздің шындығы сол, бүгінгі бала­лар тек кітап оқып, теледидар көріп өсіп келе жатқан ұрпақ емес. Интернет біздің өмірімізге дендеп енгеннен бері соның игіліктерін толық пайдалана алатын буын өсіп келеді. Қазір кез келген  жастағы  баланың қолына смартфон берсең, суда жүзген балықтай тетіктерін  басып, өзіне  қызықты  дүниелерді тауып алады. Өкініштісі сол, интернетте мемлекеттік  тілдегі  туынды аз. Сол себептен ата-аналар балаларының қолына смартфон ұстатқанда «Маша и медведь», «Щенячий патруль», «Барбоскины», «Приключения Лунтика и его друзей» сияқты ең танымал мульт­фильмдерді қосып бере­ді. Мысалы, YouTube-та «Маша и медведь»-ті 2,2 миллиард адам көреді екен. Әлем халқының 20 пайызы осы туындыны тамашалайды. Әзірше, қазақ тілін­дегі мұндай өнім жоқ. Телеарналарда да, интернетте де қазақ тіліндегі балалар контенті жұтаң деп отырғанымыз осыдан. Интернеттегі контентпен тілі шыққан балалар көркем шығарма оқыса  түсінбейді.

  КЕЙІПКЕРМЕН  БІРГЕ  КҮЛІП,  БІРГЕ  МҰҢАЙДЫҚ

Сөз соңында жаздағы демалыста «Түлкілітаудың аспаны» атты кітабымды оқыған балалардың ой-­пікірлерін  бөлісіп қойғанды  жөн  көрдім.

Айша Дастанбек, Қарағандыдағы №19 жайлы мектептің 7-сынып оқушысы:

«Тауды да, аспанды да жақсы көремін. Шығарманы екі күннің ішінде ерекше қызығушылықпен оқып шықтым. Ал­ғашқы күні түнде түсімде нағашы ағамның ауылын  көрдім. «Шимай бет бұзау» деген теңеуді оқығанда езуіме күлкі үйіріл­ді. Шимай-шимай қағаз көз алдыма елестеп кетті. Кітап авторы ауылдағы өмірді баяндайды. Кітапта арманшыл, қиялшыл бала Әмір деген кейіпкер ұнады. Ол бала өз арманына адал екен. Журналист боп киініп алғанда балалар оған күлді. Анасы кітап көп оқи берме десе де, өз арманына жету үшін кітапты, газет-журналды көп оқыды. Нағашы ағамның ауылында да Темір сияқты тентек балалар бар. Кітап ішіндегі қара қарындашпен салынған суреттер де әдемі. Табиғатты керемет суреттейді. Әмірдің әкесі Сұраған аға жер-су атауларын жақсы біледі, мейі­рімді, еңбекқор адам екен. Повестің соңғы сөйлемі «Бір сәтте көңілі көк тіреген ана мен бала жана­рынан қуаныш ұшқыны шашырап, үйіне қарай алшаң басып бара жатты» деп аяқталады. Әкенің мейірімін, ананың алақанын, жылы  құшағын сезініп өскен Әмір – бақытты  бала».

Нұрасыл Рысқұл, Қарағандыдағы А.Бай­тұрсынов  атындағы мектеп-гимна­зиясының  8-сынып  оқушысы:

«Бұл кітапты қолыма алып, оқығаннан-ақ, ойша ауылда тұратын ата-әжем­нің үйіне барып қайттым. Таңмен таласа оянып, әжемнің сиыр сауған сәттері еске түсті. Сүттен айырған қаймақ, әжемнің қолынан шыққан құрт-ірімшіктің иісі мұрныма келді. Шелек-шелек қызанақ пен қиярды көрші-қолаңға таратып, сүйіншілеп қонақ шақырып отыратын шуақты күндер көз  алдыма  елестеді».

Мәриям Қонарбай, Астанадағы Binom school мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы:

«Бұл кітап мені балалық шақтың тұнық тұңғиығына беттетіп, ауыл өмірінің әр қырын шынайы әрі әсерлі бейнеледі. Басты кейіпкер – ауыл баласы Әмірдің басынан өткен қызықты да шытырман оқиғалары оқырманды еріксіз жетелейді. Бірде оның думанды ойындарына бірге қуансақ, бірде кең даланың құшағына еніп, табиғаттың ғажа­йып сұлулығын бірге тамашалаймыз. Шығарма – тек оқиғалар тізбегі ғана емес, адамгершіліктің, адалдық пен мейірімнің шынайы көрінісі. Автор­дың қаламы арқылы мен көкмайса шөптің жұпар иісін сезіндім, таудан ескен самал желдің жанға жайлы лебін аңғардым, маңыраған қозы-лақтың дауысы мен шегірткенің шырылын естігендей болдым. Бір сәт ауылдың мүлгіген тыныштығына бой алдырып, енді бірде жаздың аптабында жайылған малдың қарапайым, бірақ өмірдің шынайы келбетін бейнелейтін иісін де сезінгендей әсерге бөлендім. Кейіпкердің ішкі толғаныстары мен өмірге деген көзқарасы, бала жүрегінің тазалығы мен аңғал сенімі жүректі елжіретпей қоймайды. Әңгіме желісі өте шебер өрнектелген, әр сөйлемнің өз бояуы, өз үні бар. Бір сәтте Әмірмен бірге шаттанып күлсең, келесі сәтте мұңайып, терең ойға батасың. Бұл – тек ауыл өмірін суреттейтін шығарма ғана емес, нағыз шынайылықтың, өмірдің өз боя­уын бұзбай жеткізудің жарқын үлгісі. Автордың шеберлігіне тәнті болдым. Осындай жүрекке жылы, жанды жадыратар  шығармаларыңыз  көп  болсын».

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Фото: aikyn.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: