Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жастар бос уақытын қалай өткізеді?

18.06.2021, 15:50 3752

HALYQLINE.KZ

Бұл сұрақ қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Ең бастысы, әрбір ата-ана баласының дұрыс оқып, ер жетіп, мықты азамат болуын қалайды. Кейде балалардың не істеп жүргенін ата-анасы түгілі ешкім де білмей қалатыны бар. Өкініштісі, жаһандану заманында кейбір жастарымыз бұзақы істерге ұрыну, теріс жолға түсу, бәс тігетін құмар ойындарын ойнап, уақыттарын шығындау, шетелдік телесериалдарға еліктеп өсу, ұрлық, зиянды әдеттерге әуестену сияқты қоғамдағы пайдасыз істермен айналысуы жиі кездесіп жатады. Керісінше, уақытын дұрыс өткізіп, ата-аналарына көмектесіп, өз істерімен айналысып жүрген балалар да баршылық. Меніңше, тек ата-аналар балаларын дұрыс тәрбиелеп, айналысып жүрген нәрселеріне көңіл бөлу, сабағының оқу үлгерімін жіті тексерумен қатар бос уақыттарына бақылау қоюы – маңызды шаруа.

Балаға дұрыс тәрбие бере алмау, бала психологиясын түсінбеуі қиын жағдайға соқтыруы мүмкін. Яғни, бос уақыты болса, еріккен бала ойына келгенін істегіш, көзі қызыққан нәрсеге тез еліктегіш келеді. Ең алдымен оқушы жастарды сабағынан кейін бос уақыттарын дұрыс пайдалануға үйрету қажет. Оны ата-ана балаларының қалауы бойынша мұғалімімен ақылдасып, балаларының қандай нәрсеге бейімділігін байқау, өнер мен спортқа баулу, білімділігін шыңдауға немесе пайдалы бір іске бағыт беру – ең басты нәрсе. Сол кезде әр оқушы ортаға қарай бейімделеді.

Меніңше, жоғарыда аталған теріс жолдарға түспеу үшін жастардың бос уақыттарында денсаулық кепілі спортпен айналысуы керек. Үнемі спортпен шұғылданған жас уақыттың қадірін біледі. Дені сау, денесі ширақ жастар мықты азамат болады деп ойлаймын. Оның бәрі біздің қоғамымыз үшін де өте маңызды. Бұрын баршамыз жастардың спортпен шұғылданатын спорт зал жоқ деуші едік, қазір жастарға мүмкіндік өте көп. Таңдауларына қарай секцияға жазылып, спортпен шұғылдануына болады. Жастар бос уақытын спортқа арнағаннан ешқашан ұтылмайды. Сондай-ақ, қазіргі жастар емес, ересек адамдар да дене еңбегінен алыстап барады. Үнемі көлікпен жүру, дайын нәрсеге бой үйрену, көп уақыт кеңседе, теледидар алдында отыру сияқты қолайсыз жағдайлар барлық адамға зиянын әкелумен қатар семіздік, артық салмақ, қатерлі ісік, жүрек, асқазан аурулары сияқты сырқаттарға душар етеді. Осы ретте қоғам жастары мен ата-аналар пікірін тыңдағанды жөн көрдік.

Айжан Мұса, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 2-курс студенті:

 – Қазіргі таңда бос уақытым көп болғандықтан өзіме ұнайтын фильмдер, мультфильмдер қараймын. Компьютер ойындарын ойнаймын, жаныма жақын ақын-жазушылардың кітаптарын оқимын. Сабақтарымды есімнен шығармас үшін қайталап қоямын. Жастар ресурстық орталығына достарымызбен барып үстел теннисімен айналысамыз. Ән айтып, би билеп, апта күндерін сәтті әрі қызықты өткізіп жүрмін. Тағы айта кететінім, «The future kings» атты заманауи би ұйымының төрайымымын, сол ұйымды басқара отырып дамыту үшін бос уақытымды сол ұйымға арнап тұрамын.

Асқар Али, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 1-курс студенті:

 – Уақытымның көп бөлігі кітап оқумен және өлең жазумен өтуде. Жастар ресурстық орталығында апта сайын болатын поэзия кешінің белсенді мүшесімін. Уақытымды тек шығармашылыққа ғана емес, спортпен айналысуға жұмсағанды жаным сүйеді. Үстел теннисі және күресті өз хоббиім десем де болады. Өз замандастарымның бос уақыттарын қызықты әрі пайдалы өткізгенін қалаймын. Себебі уақыт – біздегі құны жоқ байлық, дәл осы уақыт екенін естен шығарып аламыз.

Ғалия Бейсенова, ата-ана:

 – Мен өз балаларымның бос уақытын тиімді пайдалана алғанын қалаймын. Себебі біздің жылдарда «Qosyl»  секілді жастарға пайдасы бар ғимараттардың болмауы қынжылтады. Бірақ, бар жағдайды балаларымызға жасап жатыр, үлкен рақмет айтамыз. Осыны кейбір жастар дұрыс қолдана алмайды. Өкініштісі сол…

Күміс Дайрабаева, алтын алқа иегері, көпбалалы ана:

 – Қазіргі уақытта мен 7 бала тәрбиелеп отырмын. Оның 3-еуі – жасөспірім. Мен де балаларымның уақытын тиімді өткізгенін қалаймын. Бір жағыма шығып маған көмектесіп жатса, тіпті қуанып кететінім рас. Ортаншы баламның спортқа икемі бар. Боксқа шын ынтасымен барып, жүлделі орындар алып келсе, төбем көке жеткендей болады. Ал, қалған балапандарым білім жағынан көш бастап тұр. Алда осылардың қызықшылықтарын көремін деген үміттемін.

«Жастарға тоғышарлық, бойкүйездік дертінен аулақ, сергек, сезімтал болған жарасады» деп Ғабит Мүсірепов өз сөзінде жастарға үнемі шабыт беріп, сенімі біздерге мол екенін айтып кеткен. Сол үшін бізге артылған сенімді толыққанды ақтау – бізге парыз.

Нұртілеу ЖОРАБЕК,

Қорқыт Ата атындағы ҚУ-дың

1-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: