Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалған мәліметпен атаулы әлеуметтік көмек алушылар да бар

03.07.2024, 11:05 137

HALYQLINE.KZ

Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаева және «Қызылорда қаласының Мансап орталығы» филиалының директоры Жақсылық Тулегенов І жартыжылдықта атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Қазіргі таңда қала бойынша 19118 көпбалалы ана бар. Оларға республикалық бюджеттен бала санына қарай арнаулы мемлекеттік жәрдемақы ай сайын төленуде.

– Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың көмекке мұқтаждығына тексеру жүргізу бойынша мониторингтік жұмысшы топ құрылып, ай сайын аралау жұмыстарын жүргізуде. Зерттеу барысында атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар ішінде жалдамалы пәтерде тұрмайтын, жеке кәсіпкерлерден жұмыстан шыққан немесе жалған мәлімет берген азаматтар анықталып, 254 отбасыға тағайындалған атаулы әлеуметтік көмек төлемі тоқтатылды, – деді Кенжегүл Құрақбайқызы.

Айта кету керек, 182 жалғыз басты бөгде адамның көмегіне мұқтаж қарттарға 24 әлеуметтік қызметкермен 7 түрлі үйден арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде. «Мүгедектігі бар балаларға үйден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету» бөлімшесінен қызмет алушы 223 мүгедектігі бар балаға жыл көлемінде бектілген іс-шара жоспарына сәйкес арнаулы әлеуметтік көмек көрсетілуде.

Өткен жылдан бастап «Қызылорда қаласының отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, жұмыс атқаруда. Орталықтың функцияларына өмірлік қиын жағдайға тап болған немесе оның туындау қауіп-қатері бар отбасыларды анықтау, консультациялық қызметтер көрсету, психологиялық қолдау, оқыту семинарларын, мастер-класстар, тренингтер және іс-шаралар өткізу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру, демеушілердің көмегімен қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру жатады.

– Орталық мамандарымен жыл басынан бастап 2197 отбасына, оның ішінде баспана мәселесіне байланысты 217, жеке консультациялар түрінде 903, құқықтық консультациялар 198, гуманитарлық көмек туралы 879 адамға кеңес беріліп, суйемелдеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Жақсылық Төлегенов.

Жыл басынан бастап 1355 азамат тұрақты жұмыспен қамтылса, жыл көлемінде тағы 1 307 азаматты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» бағыты бойынша қоғамдық жұмыстарға 3172 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 100 адам, жастар тәжірибесіне 328 жас маман, «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен 26 жас маман жұмысқа жолданды. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасымен 5 адамға жолдама беріледі.

Бұдан бөлек, осал топтарға арналған мемлекеттік гранттар беру бағыты аясында Business.enbek.kz порталында 2024 жылдың сәуір айынан бастап 1-ші лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алуға өтінімдер қабылданып, 231 адамға мемлекеттік грант берілді. 2-ші лек бойынша шілде айында өтінімдер қабылданады. Қызылорда қаласы бойынша 520 адамға грант беру жоспарланған.

Сондай-ақ, жұмыспен қамту мақсатында 7 рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізіліп, 155 жұмыс беруші мекемеден 1049 бос жұмыс орны ұсынылды. Нәтижесінде 244 адамға жұмысқа жолдама беріліп, 113 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: