Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалға берілген үйлерді жекешелендіруге мүмкіндік жасалады

29.01.2025, 8:40 72

HALYQLINE.KZ

Қызылорда қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Абзал Рысбек бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өткен жылы салада атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша баспасөз конференциясын өткізді. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазіргі таңда Қызылорда қаласы бойынша тұрғын үйге мұқтаж адамдардың 6 дара тізімі бойынша 25 971 отбасы кезекке тіркелген. ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес, азаматтарға пәтерлер тек кезек реттілігіне сәйкес беріледі. Өткен жылы кезекте тұрған отбасыларға 993 арендалық пәтер табысталса, биыл 1240 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тобына және 135 пәтер авариялық кезекте тұрған отбасыларға беріледі деп жоспарлануда.

– 2024 жылдың 22 қарашасында ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына өзгерістер енгізілді. Осы Заңның 13-бабына сәйкес, 2017 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін пайдалануға сатып алу құқығынсыз жалға берілген тұрғынжайлар мен жалғыз тұрғын үйі авариялық жағдайда деп танылған азаматтар енді өз баспаналарын жекешелендіре алады. Аталған мемлекеттік қызмет түрі E-Qazyna порталы арқылы жүргізіледі және комиссия шешімімен қаралады, – деді бөлім басшысы Абзал Рысбек.

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген арендалық үйлердің деректері E-Qazyna мемлекеттік меншік тізілімінің веб-порталында тіркеледі. Алдағы міндеттің бірі – 2024 жылы пайдалануға берілген 993 арендалық пәтерлердің жалдау шартын E-Qazyna порталына енгізіп, арендалық төлемдердің есебін жүргізу.

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: