Елімізде ауыл шаруашылығына баса назар аударылып, жыл сайын субсидиялауға қомақты қаржы бөлінеді. Дегенмен қаражаттың сұрауы қатаңдатылмай, ол сала былыққа белшеден батып тұр. Мәселен, осыған қатысты қылмыстық істер көптеп болуда. Сонда да көмекке адал қол жеткізгендер де аз емес екен. Ендігі кезекте субсидия баспанаға қатысты болмақ. Өйткені халқымыздың біршамасының тұрақты қонысы жоқ. Пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Олардың бағалары да әркелкі. Қазіргі күні шамамен өңірде пәтердің ең төменгі бір айлық төлемі 50-60 мың теңгеге жуықтайды.
Баспана кезегінде тұрғандар ұзын-сонар кезектің соңы аяқталып, бізге де жетер деген үмітте. Бүгінгі таңда еліміз бойынша кезекте 590 мың адам тұр. Оның 210 мыңы әлеуметтік жағынан осал санатқа жатады. Бұл дегеніміз – көпбалалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар. Тағдырдың тауқыметін тартқан жандарға қолдау білдірген жөн. Мемлекет тарапынан қолдаудың аз болғаны ма, әйтеуір блогерлерге баспана алып беруін өтініп жүргендер көбейді. Олар да аудиториясына жеткізіп, халықтың жинаған ақшасын таратып беріп, «дүмше молданың» шаруасына кірісті. Жақсылық істеп, алғыс алған дұрыс. Десе де қара халықтың тиыны үш-төрт отбасына жетер, қалғанына түк те жоқ екені сөзсіз. Сондықтан биліктің халықтың жағдайына немқұрайды қарауы – елге сын. Қазақ халқы «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп ар, ұят мәселесін жаннан да биік қойған. Әлде сол қазақылық терең тұңғиыққа батып, артық байлықтан астамшылыққа, астамшылықтан ақымақтыққа ұрындық па? Бір қазақтың далада тентіреп жүргені бүкіл қазақтың ауызбіршілігінің жоқтығын көрсетеді емес пе? «Ештен кеш жақсы» демекші, «70 мың азамат қысқа мерзім ішінде тұрғын үймен қамтамасыз етіледі» деп мәлімдеді Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.
Министрдің айтуынша, 70 мың азаматқа қолдау көрсету үшін 50 млрд теңге қажет, алайда бұл ретте көрсетілген қаражат жыл сайын кезекте тұрған адамдар санына байланысты өзгеруі мүмкін. Қолдауға бөлінетін қаражат көбейетіні анық. Енді азаймайды ғой. Тек қаражаттың қызығын халықтың өзі көрсе болғаны, тәбетін баса алмайтындар сәл өздерін тежейді деп сенеміз.
Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй жалдау төлемдерін беретін оператор «Отбасы банкі» болып бекітіліпті. Бұл банк қазақстандықтардың тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялауға қатысты онлайн өтінімдерін қабылдау үшін платформаның функционалдығын пысықтауда. Жаңа бастаманың дұрыс бағытта өрбуіне жұмыс барысын автоматтандыру үшін банк 6 мемлекеттік органның 16 дерекқорымен интеграция жасауы қажет екен. Сол себепті 2022 жылдың мамыр айынан бастап аталмыш бағдарлама іске қосылады.
«Бұл бағдарлама бойынша қолдауды кім алады?» деген сауалыңызға жауап берсек. Көпбалалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар жалдау ақысын субсидиялауға өтініш тапсыра алады. Бірақ мынаны есте сақтаңыздар, үміткер қатарында болу үшін тұрғын үй алу кезегінде тұруларыңыз қажет. Сондай-ақ, әрбір отбасы мүшесіне шаққанда соңғы 6 айдағы жиынтық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір мөлшерінен аспауы тиіс (2022 ж. 1 КМ – 36 018 теңге).
– Бұл тізімдегілердің дені, 51 мыңға жуығы – көпбалалы отбасылар. Тағы 10 мыңы – 1 және 2 топтағы мүгедек жандар, 7 мыңы –мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған аз қамтылған отбасылар, 2 мыңы – жетім балалар. Енді бұл азаматтар үшін баспана мәселесі аса өткір болмайды. Олар аталмыш бағдарлама арқылы отбасылық бюджетке түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік алады. Үнемделген қаражатты тұрмысты жақсартуға бағыттауға болады немесе жеңілдетілген несие беру бағдарламаларына қатысу үшін қаражат жинақтауға да мүмкіндік бар, – деді «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Көптің көкейіндегі сауал: «бағдарламаға қалай қатысуға болады?». Олай болса, алгоритмі былай жүзеге асады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі барлық талапқа сәйкес келген азаматтардың тізімін қалыптастырады. Егер «Отбасы банкке» бұл ақпарат түскеннен кейін операторлар жалдау ақысын субсидиялау мүмкіндігі туралы тізімдегі азаматтарға хабарландырады. Ізінше үміткер деп танылған тұлғалар банк филиалына келмей-ақ, Baspana market платформасы арқылы онлайн өтініш бере алады. Ол үшін ЭЦҚ кілті қажет. Өтініш берушінің кірісі платформада тексерілгеннен кейін ол өзіне қолайлы баспана тауып, оны жалға алу шартына онлайн қол қойып, тіркейді. Егер үміткердің жалдау ақысын субсидиялауға онлайн өтініш беру мүмкіндігі болмаса, «Отбасы банкінің» бөлімшесіне келу арқылы өз-өзіне қызмет көрсету аймағында іске асыра алады.
«Тегін ірімшік тек қақпанда болады» демекші жалдау ақысын субсидиялаудың функциясы жайында айта кетсек. 50 пайызы мемлекеттік субсидиялар есебінен жабылады, ал қалған 50 пайызын алушы өз бетінше төлейді. Сонымен қатар тұрғын үй жалдау субсидиясының бір бөлігі жергілікті бюджеттен төленеді. Жоқтан бар жақсы ғой. Мұндай бастамалар қолға алынып жатқаны көңіл қуантады.
Иә, қай сала болмасын кемшін кеткен тұстарға мемлекеттің қаржылай қолдауы болып тұратыны заңдылық. Дегенмен жасыратыны жоқ, субсидияны сүлікше сорып, ашық жүйенің болмауынан жымқырғандар жеткілікті. «Басшы әділ болмай, жұрт ісі оңға баспас» деп бекер айтылмаған. Сол себепті бастаған бастаманың артын қуанышқа ұластыратын сәтті күтейік.
Азамат АБИМОЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!