Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тұрғындардың талап-тілегі тыңдалды

16.11.2023, 9:00 189

HALYQLINE.KZ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2022 жылдан бастап барлық деңгейдегі облыс, қала, аудан әкімдері тоқсан сайын халыққа есеп береді. Осыған сәйкес Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев та сәрсенбінің сәтінен Қ.Пірімов, Жалаңтөс батыр, Басықара, Абай, Ғани Мұратбаев ауылдарына барып, тұрғындармен кездесті.

Алғашқы кездесуді Басықара ауылында бастаған Мұхтар Әуесұлы жұртшылықты Қызылорда облысының 85 жылдық және Қазалы ауданының құрылғанына 95 жыл толуымен құттықтады. Сонымен қатар кеше ғана ауданда өткен ауқымды іс-шараның жоғары деңгейде өткеніне тоқталып, елдің ауызбіршілігіне ризашылығын жеткізді.

Мұнымен қоса ел ішінде болып жатқан жағымды жаңалықтарды сөз етіп, тұрғындардың ұсынысына сәйкес шешімін тауып жатқан мәселелер де айтылды.

Ауылдық клубтағы басқосуда елді мекен жұрты да бірқатар түйткілдерді тілге тиек етті. Атап айтсақ, көпшілік округ ішіндегі жолдар, су ұңғымасын қазу, балабақша, дәрігерлік амбулатория және жарық жайын ортаға салды.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тұрғындар көтерген мәселелердің әрбіріне жеке-жеке тоқталып, сұрақтарға толыққанды жауап берді.

Тұрғындармен кездесу мұнан соң Құмжиек пен Қарашеңгел ауылдарында жалғасын тапты. Аудан басшысы жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстарды сөз етіп, ұсыныс-пікірлерге құлақ түрді.

Қос елді мекен тұрғындары тарапынан айтылған талап-тілектерді Мұхтар Әуесұлы мұқият тыңдап, барлығына да жауап берді. Халықтың айтқан әрбір ұсынысын үнемі назарда ұстап, олардың оңтайлы шешілу жолдары қарастырылатынын жеткізді.

Түс ауа аудан әкімінің көпшілікпен кездесуі Абай, Ғани Мұратбаев ауылдарында жалғасын тапты. Мұнда да ауыл тұрғындары жергілікті жердегі мәселелерді ортаға салды. Сол бойынша тиісті жауаптарын алды.

Аудан әкімі елді мекендерге сапары кезінде жеке қабылдауға жазылған азаматтарды да қабылдап, уәждерін тыңдады.

Халықпен кездесуге аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық мәслихат депутаты Әділбек Сарабеков және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.

Ж.Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: