Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сырдария ауданына жұмыс сапары барысында көпбалалы және аз қамтылған отбасыға жаңа пәтер кілтін табыстады.
Аймақ басшысы аудан орталығы Тереңөзек кентінде 10 екі пәтерлік тұрғын үй пайдалануға беру рәсіміне қатысып, қоныстой иелерін құттықтады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында «Тұрғын үй азаматтарымыз үшін – қашанда басты мәселе. «Баспана хит» және «7-20-25» сияқты тұрғын үй бағдарламаларының мерзімі таяу арада аяқталады. Осыған орай, бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленеді» деген болатын. Міне, осыған орай, мемлекет тарапынан бөлінген қаржыға осындай әсем үйлер салынып, Сіздерге табысталуда.
Өздеріңізге белгілі, Қызылорда облысы соңғы жылдары қарқынды құрылыс алаңына айналуда. Өткен жылдың өзінде 654,5 мың шаршы метр тұрғын үй табысталса, биыл 682,7 мың шаршы метр тұрғын үй салынады.
Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын, іші шаттыққа толсын! Сіздерге зор денсаулық, отбастарыңызға аманшылық тілеймін!»,- деді аймақ басшысы.
Баспана бақытына кенелген көпбалалы ана Алтыншаш Әбдіразақова тұрғындар атынан сөз алып, қуанышымен бөлісті.
Табысталған тұрғын үйлер Сырдария ауданы халқының әлеуметтік жағынан әлсіз және аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамту жобасы аясында сатып алынған. Бір пәтердің жалпы ауданы- 72 шаршы метр, әр үйдің жер учаскесінің көлемі – 10 сотық.
Еске сала кетейік, өткен жылы Сырдария ауданы бойынша 69 көпбалалы отбасы баспанамен қамтылды.
Гүлшара Әбдіқалықова жеке кәсіпкер Мәдина Омарованың «Серікбол» сауда үйінің жұмысымен де танысты. Тойхана ретінде ашылған бизнес нысанының қызметі пандемия кезеңінің талаптарына сай өткен жылы сауда үйі болып өзгертілді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының субсидиялау тетігі бойынша «Айналым қаражатын толықтыру» жобасына 40 млн теңге несие алған кәсіпкер індетке қарамастан кәсібін тоқтатпай, жерлестерін де жұмыспен қамтып отыр.
Облыс әкімі сауда үйін аралап, өзгеріске жол ашқан кәсіпкердің қадамына сәттілік тілеп, мұндай сауда үйінің ашылғаны аудан халқы үшін маңызды екенін тілге тиек етті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!