Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр төрінде тоқшылық тойы басталды

18.10.2022, 9:15 586

HALYQLINE.KZ Биыл Сыр диқандары күзгі егін жинау науқанын сәтті аяқтады. Ала жаздай еңбек еткен шаруа иелері 188,5 мың гектар жерге егін екті. Оның ішінде Сыр салысының үлесі – 78,6 мың гектарды құрап, әр гектарынан 56,7 центнерден өнім алынды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылық және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев хабарлады.

Оның айтуынша, бүгінде күздік бидай дақылынан – 10,2 мың тонна, жаздық бидайдан – 4,2 мың тонна, жаздық арпадан – 174 тонна өнім жиналса, картоп, көкөніс және бақша дақылдарынан – 420 мың тоннаға жуық өнім алынған.

– Соңғы жылдары аймақта су тапшылығы жағдайы егін саласына айтарылықтай әсер етті. Осыған сәйкес, биыл 5 мың гектар күріш алқабы қысқартылып, оның орнына суды аз қажет ететін дақылдар көлемі 7,3 мың гектарға ұлғайтылды. Дегенмен, облыстың басты бренді саналатын күріштің әр гектарынан 56,7 центнерден өнім жиналуда. Айта кету керек, өңірімізде өндірілген күріштің 91,4 пайызы алыс-жақын шет елдерге экспортталуда. Сонымен қатар, мал азықтық дақылдарды дайындау мақсатында ескі жоңышқа 3 рет орылып, барлығы 278,8 мың тонна шөп дайындалды. Бұдан бөлек, қант құмайынан 1,6 мың тонна өнім алынса, тәжірибе ретінде егілген 3,5 гектар қант қызылшасы толық жиналып, 61 тоннасы алынды. Аймақта мал шаруашылығы саласы да жоғары көрсеткіштерге ие болуда. Сәйкесінше, мемлекеттің қолдауы арқасында мал басы тұрақты өсіп, өткен жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара мал басы – 7,8% ға, қой мен ешкі – 4,3%-ға, жылқы – 16,7%-ға, түйе – 7,1%, құс – 1,7%-ға көбейді. Тиісінше, өндірілген ет – 1,9%-ға, сүт өндірісі – 1,1%-ға, жұмыртқа өндірісі – 2,4%-ға артты, – деді басқарма басшысы Талғат Тұрсынұлы.

Брифинг барысында «Алтын дән-2022» мерекелік шарасының қорытындысы туралы айтылды. Облыстың агроөнеркәсіптік кешені бойынша үздік жетістіктерге жеткен 67 озат құрмет төрінен көрінді.

– Қызылорда қаласы мен барлық аудандардың қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сыр диқандары 20 000 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрындарға нарық бағасынан төмен бағада ұсынды. Бұдан бөлек, қалалық ипподромда облыстың ең үздік сәйгүліктері мен айтулы атбегілерінің қатысуымен ұлттық ат спорты бәйгесі өтті. Алдағы уақытта, мұндай шара барлық аудандарда жалғасын табатын болады, – деді Талғат Тұрсынұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: