Орталық мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балалардың қоғам өміріне белсене араласуына мүмкіндік жасау мақсатында ашылды. Бір қуантарлығы, тұсауы кесіліп отырған бұл ғимарат – Қызылорда облысының аудандары ішінде «Тең қоғам» орталығына арнайы беріліп отырған тұңғыш нысан болып отыр.
Ал орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімі Нұржан Ахатов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев, «Байқоңыр Солар» ЖШС-нің техникалық директоры Игорь Григорьевич қатысып, сөз сөйледі.
Салтанатты рәсімде алғаш болып сөз алған аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы орталықтың жұмысына сәттілік тілеп, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғауға негізделген шаралар алдағы уақытта жалғасын табатынын жеткізді.
– Шиелі ауданында мүмкіндігі шектеулі жандардың сұраныстарын қанағаттандыру үшін нақты істер атқарылуда. Соның бір айғағы – бүгінгі «Тең қоғам» орталығының ашылуы. Орталықты ашудағы негізгі мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату. Сондай-ақ, орталықта мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасау, азаматтарды әлеуметтік қолдау бағытында құқықтық, психологиялық кеңес беру, кәсіпке баулу, қажетті құралдармен қамтамасыз ету секілді қызмет түрлері көрсетілетін болады, – деді аудан әкімі Нұржан Ахатов.
«Тең қоғам» кенттің орталығынан – Қожа Ахмет Яссауи көшесі, №109 мекенжайынан ашылып отыр. Бұл «Өскен өңір» газетінің байырғы ғимараты. Мемлекеттің ұсынысына сай қызмет бағытын өзгертуге шешім қабылданып, күрделі жөндеуден өткен ғимарат енді әлеуметтік нысан ретінде жұмыс жасайды.
Осылайша нысан мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы жағдайға бейімделді. Ғимараттың жалпы алаңы – 134,2 шаршы метр. Жарық, кең.
Ал ғимараттың кеңесілік құрал-жабдықтары «Байқоңыр Солар» ЖШС-нің Бас Директоры Евгений Гладьевтің демеушілігімен алынған. Дәлірек айтқанда, елге жанашыр азаматтың қолдауымен орталыққа (смарт теледидар, жаттығу құралдары, кеңсе жиһаздары) сыйға берілді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар мұнда үстел ойындарымен қатар, дене жаттығуымен, шығармашылықпен де айналыса алады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!