Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шет аймақ енді шетқақпай емес

01.07.2025, 18:30 137

HALYQLINE.KZ

Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен жүргізілген журналистер жорығы мұнымен тоқтаған жоқ. Қала тазалығына көз жүгіртіп болған соң көшелерге салынып жатқан жаңа жолдардың құрылыс барысын бағалауға аттандық.

Ашығын айту керек, соңғы жылдары урбанизация үдерісі күшейіп, қала аумағы кеңейе түскен сайын жол-көлік инфрақұрылымын дамыту қажеттілікке айналып отыр.

Осы орайда, биыл қалада жол мәселесін жүйелі түрде шешуге бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынды. Әсіресе, ұзақ жылдар бойы назардан тыс қалып келген шет аймақ көшелеріне айрықша көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, Әбдімомынов, Қайруллаев, Арыстанбай батыр, Қашқынбаев, И.Сейтов, Х.Әбенов, Бұлғақов, Атамекен, Алтай, Атакент және Егемен көшелері толық жаңартылып, асфальт төселіп жатыр. Аталған жобаға 800 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.

Ең алдымен «Саяхат» мөлтек ауданы жанындағы Қайруллаев көшесіндегі жол мамандарымен тілдестік.

Қайруллаев көшесіне қазіргі сәтте асфальт төсеу жұмыстары тыңғылықты жүріп жатыр. Әзірге бірінші қабатын төседік. Ені жеті метрді, қалыңдығы алты сантиметрді құрайды. Ал көше ұзындығы – 1368 метр. Бұйырса, алдағы уақытта екінші қабатты төсеп, халық игілігіне беру жоспарда, – дейді мердігер.

Мұнымен қоса, қаланың солтүстік бөлігінен кіре-беріс саналатын Сағымбаев көшесін төрт жолақты ету жұмыстары да басталды. Бұл көшенің маңызы ерекше – күн сайын жүздеген көлік ағылатын күре жолда қозғалыс жиі тұралап қалатын. Енді жол жолағы кеңейіп, көлік ағыны еркін қозғала бастайды деп күтілуде. Қазіргі таңда бұл бағытта құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр.

Күрделі жөндеу жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Өткен жылы басталған 16 көшені қамтитын жоба жалғасып, алғашқы 8 көшеде жөндеу аяқталған. Биыл қалған 8 көшеге жөндеу жүргізу үшін қосымша қаражат қарастырылып отыр. Бұл жоба кезең-кезеңімен, нақты кестеге сай жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Жол-көлік инфрақұрылымы тек қала орталығымен шектеліп қалмай, елді мекендер де назарда тұр. Қызылөзек ауылдық округіндегі Қожақ каналы арқылы өтетін көпірге күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл көпір – ауыл тұрғындарының негізгі қатынас жолы. Жөндеу жұмыстары толық аяқталған соң, елді мекеннің көлік қатынасы едәуір жеңілдеп, тұрғындардың жүріп-тұруы анағұрлым қауіпсіз әрі қолайлы болмақ.

Жалпы, жыл басынан бері қала аумағында 17 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл – тек жолдың бетіне асфальт төсеу емес, бұлтұрғындардың тіршілігін жеңілдету, қала қозғалысын реттеу, көлік кептелісін азайту және қауіпсіздікті арттыруға бағытталған жүйелі қадам.

Қала әкімдігінің бұл бағыттағы бастамалары біржолғы емес, ұзақмерзімді жоспардың бір бөлігі екені байқалады. Күрделі жөндеу мен құрылыс жұмыстары аяқталғанда, қаланың шет аймағы мен орталығының арасындағы айырмашылық жойылып, барлық аумақ тұрғындары бірдей жағдайға ие болмақ.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: