Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шаруалармен кездесу өтті

09.09.2025, 13:43 200

Бүгін Арал аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев аудандағы ауқымды жобалардың бірі саналатын «Qazaq Camel» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауытын салу» жобасы бойынша серіктестік басшылығымен және аудандағы бірқатар түйе малын ұстайтын шараулармен жүздесті.

Негізгі мақсат түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауыты толық іске қосылғаннан кейін оған қажетті шикізаттың күнделікті жеткізілуі мен қабылдау тәртібіне қатысты нақты талаптарды өзара айқындап, өндіріс пен шараулар арасындағы ортақ жұмысты жан-жақты пысықтау.

Аудан әкімі жиында «Qazaq Camel» ЖШС-нің басшылығы ұсынып отырған жобаның ауданда жақсы нәтижеге қол жеткізіп, аудан брендін қалыптастыруға оң серпін болатынын жеткізді.

Басқосу барысында «Qazaq Camel» ЖШС-нің директоры Н.Абулгазин ауданда алғашқы рет қолға алынып отырған жоба жайын таныстырып өтті.

Тәулігіне 20 мың литр түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіруге қауқарлы өндіріс орнының құрылысы ағымдағы жылдың соңында аяқталады деп жоспарлануда. Негізгі құрылыс құны 3 млрд теңге болатын бұл зауыт іске қосылғанда шиікзатты ауылдардан арнайы ыдысқа жинап, техниканың көмегімен зауытқа жеткізу жұмыстары жүргізіледі. Осы арқылы түйе малын ұстайтын шаруалардан сүт қабылдау жұмыстары жан-жақты жүргізілетін болады Мұнда әзірленген дайын өнімдер республика нарығынан бөлек, көршілес шет елдерге экспортталмақ.

Қуаттылығы жылына 392 тонна құрғақ ұнтақ өндіретін жоба іске қосылған кезде жергілікті жерден 23 адам жұмыспен қамтылатын болады.

Бұл бастаманың аудан шаруалары үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өткен аудан басшысы Аманжол Сақыпұлы жобаның сәтті жүзеге асуы үшін ауданнан көрсетілетін барлық мүмкіндіктерді қарастыру жөнінде жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма жүктеді.

Өз кезегінде түйе шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер бастаманың аудан үшін үлкен мүмкіндік екенін алға тартып, өндіріске қажетті шикізатты жеткізуде барлық мүмкіндіктерді қарастыра отырып, бірлесе жұмыс істеуге ниетті екендерін жеткізді.

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: