Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сауда үйінің төбесі опырылып түсті

17.02.2025, 9:20 82

 Екібастұз қаласындағы сауда орталығының аспалы төбесі опырылып түскен.   Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша,  шамамен 150 шаршы метр төбе құлаған.

Бұл туралы halyqline.kz тілшісі хабарлайды.

Оқиғадан соң Екібастұз қалалық ауруханасының қабылдау бөлмесіне 5 адам өз бетінше жүгінген. Олардың үшеуі – бала.

«Оқиға кезінде «Maxi Mall» сауда орталығында болған 5 адам Екібастұз қалалық ауруханасына өз бетінше жүгінген. Олардың ішінде 2008, 2009 жылдары туған үш бала бар. Зардап шеккендерді ауруханаға жатқызудың қажеті болмады. Дәрігерлер қарап, алған жарақаттарына амбулаториялық ем тағайындалды»,- деп хабарлады Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.

Ал өңірлік төтенше жағдайлар департаменті оқиғаның мән-жайын толық  анықтау үшін сауда үйі жабылғанын мәлім етті.

Екібастұздағы Maxi Mall сауда – ойын-сауық орталығы 2007 жылы ашылған.  Төрт қабатты, жалпы аумағы 28 мың шаршы метр. Орталықта көптеген дәмхана-мейрамханалар, супермаркеттер, фудкорт, электр техникалар дүкені, кинотеатр, банк филиалы, балалардың ойын алаңдары және т.б. борналасқан. Мұнда айына шамамен 300 мыңнан астам адам келеді.

Сауда орталығында бұған дейін бірнеше оқыс оқиға болған.

2012 жылы ғимаратқа жарылғыш қойылды деген жалған ақпараттан 400 адам эвакуацияланған.

Ал 2023 жылдың қыркүйек айында ондағы киім дүкендерінің бірінде өрт шығып, 57 шаршы метр аумақты от шалған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: