Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда: Сауда орындарында әлеуметтік сөре ұйымдастырылуда

16.09.2021, 11:45 391

HALYQLINE.KZ Қала әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов пен шаһар басшысы Ғанибек Қазантаевтың басшылығымен әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру бойынша мәжіліс өтті.

Қазіргі уақытта астық нарығындағы қымбатшылық жағдайға байланысты өңірлік тұрақтандыру қорына алынған ұн әлеуметтік нан пісіретін наубайханаларға төмен бағада беріліп, бүгінгі таңда әлеуметтік дүкендерде 55 теңгеден сатылуда. Қалада әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Халық ең көп тұтынатын әлеуметтік дүкен сөрелеріндегі азық-түлік өнімдері нарық бағасынан 10-15 пайызға төмендетілген өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында ірі сауда орындарында «Қызылорда», «Ажар-Сити», «Мирас», «Анвар», «Аль-Асад», т.б., әлеуметтік өнім сөрелері жұмыс істеуде, бұл сөрелерде нан 55 теңгеден, 1 сортты бидай ұны кг 135 теңге, картоп 130 теңге, жуа 80 теңге, қырыққабат 80 теңге, сәбіз 170 теңге, тауық жұмыртқасы 24 теңге, қант 270 теңге, күнбағыс майы 630 теңге, қарақұмық жармасы 400 теңге, сиыр еті 1650 теңге/кг сатылуда.

Әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарлар бағаларының өсуіне жол бермеу мақсатында қалада «Алтын қамба» қоры жұмыс істеуде. Бүгінгі күнде қала орталығында 33 әлеуметтік дүкен жұмыс істеуде. Жыл ішінде халық тығыз орналасқан аумақтардан тағы да әлеуметтік дүкендер салу жоспарлануда.

Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары Бахыт Дүйсенұлы әлеуметтік маңызы бар халық көп тұтынатын 19 түрлі азық-түлік тауардың бағасын тұрақтандыру мақсатында қаладағы ірі сауда орындарымен келісімге отырып, қала халқын нарық бағасынан 10-15 пайызға төмендетілген өнімдермен қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыру керектігін жеткізді.

Шаһар басшысы Ғанибек Қонысбекұлы азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсуіне жол бермеу және олардың тиісті қорын жасақтау, сұранысқа сәйкес тауар бағасының қол жетімді болуына жағдай жасау шараларын басты назарға ала отырып, сала басшыларына кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізуді тапсырды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру мақсатында Қызылорда және Байқоңыр қала тұрғындарын ауыл шаруашылығы өнімдерімен тікелей тауар өндірушіден қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылдың 18 қыркүйек – 4 желтоқсан аралығында жәрмеңке кестесі бекітіліп, нарық бағасынан 15-20 пайызға арзандатылған бағада қала тұрғындарына ұсынылатын болады.

Бекітілген кестеге сәйкес шараның алғашқы күнінде Шиелі ауданы Астана даңғылының бойында (Е.Көшербаев көшесі мен А.Иманов көшесінің аралығы), ал Қызылорда қаласы «Мәңгілік алау» алаңында (С.Толыбеков көшесі мен Д.Қонаев көшесінің қиылысы) жәрмеңке ұйымдастырылатын болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: