Алматы тұрғыны бірнеше ай бұрын қаладан BI Group компаниясынан пәтер сатып алған. Пәтерді қабылдау алдында арнайы мамандарды шақырған. Олар терезелер мен кіреберіс есіктен байқалмайтын кемшіліктерді анықтаған. Құрылыс компаниясы құрылыстағы кем-кетікті 10-16 күнде жөндеп берген.
Осыған орай Stan.kz тілшісі құрылыс сарапшыларынан үй қабылдап аларда компаниялар қандай кемшілікті жиі жіберетінін және қызмет құны қанша екенін анықтады,- деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі.
«Байқалмайтын кемшіліктерді анықтады»
Желіде Марина пәтерді қабылдамас бұрын, арнайы мамандарды шақырғанын айтты. Олар жасырын ақауларды анықтаған. Құрылыс компаниясы барлық кемшілікті дер кезінде түзетіп, жөндеу процесі сапалы әрі жүйелі түрде жүргізілген.
«Жақында біз Алматыдан BI Group компаниясынан пәтер сатып алдық. Пәтерді қабылдап алуға арнайы мамандар шақырдық, олар кейбір кемшіліктерді анықтады, ал құрылысшы компания оларды түзетті. Дизайн жобасын жасауға 2 ай, ал жөндеу жұмыстарына 4 ай уақыт кетті. Жөндеу жұмыстары қорқатын нәрсе емес! Өте қызық процесс, бірақ оған ақша жинап, сенімді бригада табу қажет. Бригаданың жұмысы өте жақсы болды, демалыссыз істеді. Пәтердің сапасына келсек, мамандар тексеру барысында терезелер мен кіреберіс есіктен байқалмайтын кемшіліктерді анықтады. Құрылыс компаниясы оларды 10-16 күнде жөндеп берді», – деді Марина.
Маринаның сөзінше, көптеген тауарды, соның ішінде шамдар мен люстралар Қытайдан тапсырыспен алдыртқан. Осылайша ол 600 мың теңге үнемдеген.
«Актіні қабылдап, қол қоймас бұрын, біз тәуелсіз мамандарды жалдап, олардың қызметіне төледік. Сонымен қатар жылу жүйесін тексеру үшін бөлек ақы төледік. Мамандар терезелер мен кіреберіс есіктен байқалмайтын ақауларды тапты. Біз барлық ақауларды тізімдеп, қабылдау кезінде құрылысшыға көрсеттік, олар шамамен 10-16 күнде бәрін жөндеп берді. Біз тұратын үйдің дыбыс оқшаулауы жақсы, көрші қабырғалардан ештеңе естілмейді. Тек төменгі қабаттан кейде балаларға айғайлаған дауыстар жетуі мүмкін. Біз 12-қабатта – ең соңғы қабатта тұрамыз, сондықтан үстімізден ешқандай шу болмайды. Бұрын панель үйде тұрғанымызда, көршілердің дауыстары қатты естілетін. Бұл үймен салыстырғанда, қазір толық тыныштық», – деді алматылық ару.
Құрылыс кезінде жиі кездесетін ақаулар
Осы орайда Sapa Control компаниясының ресми өкілі Нұрбол Мұратбек Алматыдағы пәтерлердің бірін қабылдап алуда қандай маңызды нәрселерге мән беру керек екенін айтты.
«Пәтерді қабылдау кезінде ең алдымен әрлеу (отделка) жұмыстары тексеріледі. Сарапшылар радиаторлардың, еден тегістеуішінің (стяжка), тегістіктің, есік-терезелердің, қабырғалардың, кірпіштердің, желдеткіш жүйесінің орналасуы мен сантехникалық құрылғылардың дұрыс орнатылғанын қарайды. Егер пәтерде әрлеу жұмыстары жүргізілмесе, онда қалау (кладка) жұмыстарының тегістігі тексеріледі.
Әр тегістік деңгейінің (плоскость) өзіне тиесілі қабылданатын ауытқу нормалары (допуск) бар:
Алдын ала әрлеу (предчистовая отделка) кезінде 3 мм-ден артық ауытқу қате болып саналады.
Бірінші әрлеуде (черновая отделка) 15 мм-ге дейін рұқсат етіледі.
Егер ауытқу нормадан аспаса, оны арнайы актқа тіркеп қояды. Ал егер ауытқу нормадан асып кетсе, құрылыс салушы оны міндетті түрде жөндеуге тиіс. Сарапшының айтуынша, құрылыс компаниясы 10-14 күнде кемшіліктерді түзетуі керек», – деді құрылыс сарапшысы Нұрбол Мұратбек.
Құрылысшылар пәтерді тапсыру кезінде жиі жіберетін басты қателерді атап өтті.
Есіктер мен терезелердің дұрыс орнатылмауы – қисық орнату, саңылаулардың қалуы, құлыптардың дұрыс істемеуі.
Қабырға, еден, төбе тегістігінің сақталмауы – бұл бөлменің жалпы эстетикасы мен сапасына әсер етеді.
Сыртқы және ішкі әрлеу сапасының төмендігі – сылақтың жарықтары, бояудың біркелкі жағылмауы.
Жылу оқшаулаудың жеткіліксіздігі – пәтер бұрыштарында суық өтетін жерлер болуы мүмкін.
Сантехникадағы ақаулар – крандардың дұрыс істемеуі, су ағу, құбырлардың сапасыз жалғануы.
Нұрбол Мұратбектің айтуынша, пәтерді тексеру қызметі шаршы метріне – 800 теңге.
«Егер 52 шаршы метрлік пәтер тексерілсе, қызмет құны 41 600 теңге болады. Тексеру уақыты пәтердің көлеміне байланысты шамамен 30 минуттан 1 сағатқа дейін созылады. Егер құрылыс салушы ақауларды түзегеннен кейін қайта тексеру қажет болса, оның құны 15 000 теңге болады. Бұл пәтерде қатты байқалған мәселе – бөлме арасын бөліп тұратын кірпіштердің дұрыс қаланбағаны. Сондай-ақ кіреберістегі қабырғаларда жарықтар пайда болған. Бұл – құрылыс сапасының төмендігін көрсететін үлкен қате. Мұндай ақаулар қабылданбайды. Сондықтан біз оларды фотоға түсіріп, акт жасап, құрылыс салушыға тапсырамыз. Үй иесі тексеру қызметіне өзі тапсырыс береді. Біз кемшіліктер түзелгеннен кейін қайтып келіп, қайта бақылау жасаймыз», – деді құрылыс сарапшысы.
Нұрбол Мұратбектің айтуынша, бұл тұрғын үйді салуда газаблок қолданылған, ал пәтер ішінде монолит те бар. Алайда монолитті орнату кезінде құрылысшылар өрескел қате жіберген. Олар монолитте кәріз жүргізу үшін ойықты дұрыс шығармаған. Керісінше, электр сымдарын сыртқа шығарып қоюы керек еді дейді маман.
Сондай-ақ Нұрбол Мұратбек монолиттің кей бөліктерінде тастар үгітіліп жатыр, бұл өрескел қате болып саналатынын атап өтті.
«Келесі мәселе – еденнің үстіңгі бетін тегістеу және беріктігін арттыру үшін құйылатын арнайы қоспаны анықтау жұмысы. Жалпы қарағанда, ортадан кіреберіс есікке қарай биіктік 180 мм болып тұр, яғни аздап айырмашылық бар. Ал ортадан терезеге қарай 190 мм-ге дейін көтеріліп кеткен. Бөлменің бұрышында бұл көрсеткіш 200 мм-ге дейін жетіп, тегістік сақталмаған. Нақты айтқанда, сылақ 1 см-ге төмен құйылған», – деді маман.
Жаңа пәтерді қабылдау кезінде үй иесі келесі нәрселерге мән беру керек:
Кіреберіс есіктің дұрыстығы мен ақаулардың болмауы;
Терезелердің зақымдануы мен монтаж сапасы;
Жылу камерасымен суық өтетін жерлерді анықтау;
Сантехникалық құрылғылардың дұрыстығы;
Электр желілерінің дұрыс орнатылуы;
Қабырғалардың және бұрыштардың тік орналасуы;
Қабырға, еден, төбенің тегістігі;
Желдеткіштің ауа өткізуі;
Радиациялық фон деңгейі;
Пәтердің жалпы ауданы.
Пәтердегі есік-терезелерді тексеру: сарапшылардың ескертулері
Келесі құрылыс сарапшысы Ұлықбек Теміртасов пәтерді қабылдау кезінде есік-терезелердің сапасын мұқият тексеру маңызды дейді.
«Олардың дұрыс орнатылуы, ауа өткізгіштігі, нығыздағыштарының сапасы, ашылып-жабылу механизмі, қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі бағаланады. Панорамалы терезені алып тастау қиын болуы мүмкін, себебі ол арнайы қауіпсіздік мақсатында осылай жобаланған. Яғни, терезе сынған жағдайда бірден құлап түспейді. Бұл конденсаттың жиналуын болдырмау үшін жасалған. Ал балалардың қауіпсіздігіне тоқталсақ, құрылыс компаниялары терезелерге арнайы қорғаныс орнатуға міндетті емес. Алайда үйде кішкентай бала болса, пәтер иелері қауіпсіздік жүйелерін алдын ала ойластыруы керек. Кейбір құрылысшылар мұндай қорғанысты орнатып береді, бірақ ол әр компанияның жеке шешіміне байланысты», – деді эксперт.
Бұдан бөлек Ұлықбек Теміртасов терезедегі нығыздағыштардың беріктігіне және тығыз жабылатынына көз жеткізу керек екенін айтады.
Маманның пікірінше, нығыздағыш резеңке қымдалса, оны міндетті түрде ауыстыру қажет.
«Есіктер мен терезелер дұрыс орнатылмаған жағдайда олардың қызмет ету мерзімі қысқарады. Терезе алды тақтайының астында саңылау болмауға тиіс. Жел өтіп тұрса, бұл нығыздаудың сапасыз екенін көрсетеді. Мұндай ақаулар анықталған жағдайда құрылыс салушы оларды міндетті түрде жөндеуі керек», – деді Ұлықбас Теміртасов.
Бұған маман пәтер иелері кіреберіс пен аулаға қатысты да пікірлерін білдіре алатынын ескертті. Егер плинтус (едендік қаптама) жоқ болса, оны қабылдау актісіне енгізуге болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!