Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалы ауданында жыл қорытындысына арналған салтанатты шара өтті

31.12.2025, 0:48 24

Роза Бағланова атындағы аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың қатысуымен 2025 жылды қорытындылауға арналған мерекелік іс-шара өтті. Шараға аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов, Қызылорда облысының құрметті азаматы Самұрат Имандосов, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.

Салтанатты шарада аудан басшысы жиналған қауымды Жаңа жылмен құттықтап, ауданның дамуы жолында еселі еңбек еткен азаматтарға марапаттар табыстады.

  • Жаңа жыл – әрбір адамның жүрегіне жаңа үміттер мен ізгі армандар ұялататын, жаңа бастамалар мен тың ізденістерге жол ашатын ерекше мереке. Бұл күні әрбір адам өткен жылға көз жүгіртіп, ой елегінен өткізіп, болашаққа деген ақ көңілмен, мол сеніммен қадам басады. Тәуелсіз елімізге толайым табыстар сыйлаған 2025 жылды қазалылықтар жемісті қорытындылап отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Сыр өңіріне айрықша қолдауымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының басшылығымен өңірде ел игілігіне бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылып, барлық салаларға серпінді қадамдар жасалды.
    Қазалы ауданының экономикасында тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері ілгеріледі. Ұлттық жобалар, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жаңа мектептер мен денсаулық сақтау нысандары, тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Жолдар, көпірлер салынып, көлік инфарқұрылымын дамыту ерекше қарқын алды. Өткен жылы ауданда 300 орындық «Келешек мектебі», «Руханият» орталығы, жаңа прокуратура ғимараты, Қазалы мәдени-демалыс кешені, 42 төсектік кардиология және инсульт орталығы, Майдакөл ауылында 100 орындық ауылдық клуб, 80 пәтерлі 40 тұрғын үй сынды жаңа нысандар пайдалануға берілді. Ақтан батыр ауылы көгілдір отынға қосылып, Шәкен, Шилі, Сарбұлақ, Шитүбек ауылдарына таза ауыз су жеткізілді. Мұның барлығы — халқымыздың ауызбіршілігінің, елге жанашыр азаматтардың еңбегімен жеткен жетістіктер. Келіп жеткен жаңа жылда да елдегі бірлік пен берекенің нәтижесінде мол табыстарға қол жеткізеріміз анық. Жаңа жыл әрбіріңіздің шаңырақтарыңызға шаттық сыйласын. 2026 жыл құт қонған қасиетті жерімізге, елімізге молшылығымен, құт-берекесімен, ырыс-несібесімен келсін, — деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Мерекелік шарада жыл көлемінде түрлі салада жемісті еңбек етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар марапат төрінен көрінді. Атап айтқанда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері», ҚР Орталық сайлау комиссиясының «Сайлау органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медальдары, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 1-дәрежелі «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін», ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілері, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасы, Қызылорда облысының, Қазалы ауданының «Құрмет грамотасы», облыс және аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталып, әр сала бойынша жыл үздіктері марапатталды. Сондай-ақ көпбалалы аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқалар» табысталды.

Жыл бедерінде ауданымыздың дамуына үлес қосқан азаматтардың, еңбек адамдарының мерейі тасыған ерекше кеште аудан өнерпаздары жиылғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлап, салтанатты шараның көркін кіргізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: