Бүгін Әйтеке би кентінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға кезекке сәйкес 80 пәтерлік 40 тұрғын үйді табыстау рәсімі өтті. Оған құқық қорғау органдарының, жауапты салалардың басшылары, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты, Жаңа жыл қарсаңында жаңа баспаналы болған азаматтарды құттықтады.
«Қазан айында Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келгенде әлеуметтік нысандар мен өндіріс орындарында болды. Атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, Астана мен Алматы қалаларындағыдай тәулік бойы қызмет көрсететін үшінші Президенттік кітапхана Қызылордада ашылатындығын жеткізді. Бастаманы жерлестеріміз зор қуанышпен қабылдауда.
Президентіміз Үкімет пен облыс әкімдеріне мемлекеттік қолдауларды тиімді және мақсатты пайдаланып, ауыл халқының табысын арттыру, экономикасын жоғары көрсеткіштерге жеткізу міндетін жүктеді.
Кейінгі үш жылда өңірде бірінші рет барлық ауданда тұрғын үйлер салынып, атап айтсақ, 2023 жылы 430, 2024 жылы 1015, 2025 жылы 332 жуық жаңа пәтер жерлестерімізге берілді», — деді Н.Нәлібаев.
Рәсімде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан, тұрғын үйлер құрылысын салған азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Облыс прокуроры Ризабек Ожаров қазалылықтарды қоныстоймен құттықтап, қоғам қайраткері Самұрат Имандосов бата берді.
Айта кетейік, өңірде 2022 жылдан бері 200-ге жуық халыққа қажетті әлеуметтік нысан салынып, тұрғындар игілігіне айналған. Кезекте тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер (5148) табысталды. Биыл 3 600 пәтерлік үйлер салуға бюджеттен 58 млрд 785 млн теңге бөлінді.
Қазалы ауданында өткен жылы 148 пәтерлік 74 тұрғын үй табысталған болатын.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!