Қазалы ауданында қысқы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары басталып кетті. Бүгінгі таңда аудан тұрғындарына қажетті қатты отынның мөлшері белгіленіп, оны ауданға жеткізу жағы қарастырылуда. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев аудандағы көмір тасымалдаушы кәсіпкерлермен кездесіп, аудан тұрғындарын қатты отынмен қамтамасыз ету мәселесін талқылады.
Кездесу барысында Жалғас Оңғарұлы жылу беру маусымында ауданға қажетті тиісті қатты отын қорының уақытылы жеткізілуін және бағасының тұрақты болуы қажеттігін ескертті. Осыған байланысты салаға жауапты орынбасар мен тиісті сала басшыларына кәсіпкерлермен бірлесе отырып, белгіленген жоспарға сәйкес жұмыс істеп, қатты отын қорының уақытылы жеткізілуін қадағалауды тапсырды. Сондай-ақ ауданға көмір басқа облыстардан тасымалданатындықтан, өзіндік құнының жоғарылайтынын, дегенмен халыққа қатты отынды қолжетімді бағада ұсынып, тапшылықты болдырмау үшін бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін айтты.
Айта кетейік, жалпы алдағы жылу беру маусымына тұрғындардың тұтынуы үшін 14,3 мың тонна, ал әлеуметтік нысандар үшін 2,7 мың тонна, жалпы аудан бойынша барлығы 17 мың тонна қатты отын қажет. Ал бұл қажетті көмір қорын ауданға жеткізуге жоспарлы меже бекітілген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!