Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың аудандарға жұмыс сапары Қармақшыда жалғасты. Мұнда аймақ басшысы 51 отбасыға тұрғын үй кілтін табыстау рәсіміне қатысып, жиналғандарды қоныстоймен құттықтады, деп хабарлайды баспасөз қызметі.
«Халықты баспанамен қамту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағытының бірі. Аймақта пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі жыл сайын артып келеді. Қазір облыс көлемінде 4170 пәтерлік 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл 2500-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам жерлесіміз өз үйіне кірді. Мемлекет басшысы «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді» деп атап өткен болатын. Бұған дейін Арал, Қазалы, Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш және Сырдария аудандарында 400-ге жуық отбасы баспанаға ие болды. Бүгін Қармақшыда 51 отбасы жаңа үйге қоныстанды. Бұл – тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Рәсімде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков жерлестерін құттықтап, бата берді. Іс-шарада құрылысты салған мердігер мекеме өкілдеріне және аудан азаматтарына марапат тапсырылды.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде салынған үйлер 3 бөлмелі, көлемі – 60 шаршы метр.
Биыл аймақ бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 57 пайызға өсіп, 609 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде Қармақшы ауданының бюджеті 13 млрд теңгені құрады. Бұл қаражат түйткілді мәселелерді шешуге, аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталды. Биыл республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 38,5 млрд теңгеге 671 шақырым жол жөнделді. Бұл облыстағы жақсы жағдайдағы жол үлесінің 87,5 пайызға жетуіне негіз қалады. Қармақшы ауданының автомобиль жолдарын жақсартуға 2 млрд теңгеге жуық қаржы қаралып, 28,5 шақырым жол жөндеуден өтті.
Биыл 12 ауылдық елді мекенге газ қосылды. Олардың ішінде Қармақшы ауданының Ақай ауылдық округі де бар. Ал, Төретам кентіне газ тарту жұмыстары жақын күндері аяқталмақ. Мұнан бөлек, Дүр Оңғар және ІІІ Интернационал ауылдарында 2 спорт кешенінің құрылысы басталды.
«Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсының «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша Дүр Оңғар ауылы екінші орынды иеленіп, 52,5 млн теңгенің 2 техникасын жеңіп алды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!