Биыл Қызылорда қаласында жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сол себепті бірқатар маңызды көшелер жөндеуге жабылып, көлік қозғалысы тоқтаған еді. Солардың бірі, Қожа-Ахмет Яссауй көшесі. Мердігер мекеме «Қыран» ЖШС. Төрт жолақтыға кеңейтіліп жатқан даңғыл жолдың бір бөлігі 20-шы шілдеде ашылады. Яғни, Бөкейхан көшесі мен Құлагер аралығында көлік қозғалысы қайта жанданады.
- Жоба бойынша Яссауи көшесін күрделі жөндеуге 8 ай берілген. Жолдың ені 15 метрге кеңейтіліп, үш қабат асфальт жабындысы төселеді. Қазір Бөкейхан көшесінің қиылысынан Мұратбаев көшесіне дейін екі қабат асфальт төсеп қойдық. Жергілікті әкімдіктің және тұрғындардың сұрауымен көлік қозғалысына рұқсат берілді. Одан кейін қыркүйекте Төле би көшесіне дейін жол ашылады,- дейді «Қыран» ЖШС жоба жетекшісі Өмірзақ Бисентаев.
Жалпы көшенің екі жағынан түнгі жарық шамдары орнатылып, жолдың жиегінен арнайы аяқ су арығына дейін салынады. Бүгінде жол құрылысы сала мамандарының жіті бақылауында.
- Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының жылжымалы зертханасымен бірнеше мәрте жолдан сынамалар алынды. Мердігер мекеме тарапынан құрылыс барысынан өрескел кемшіліктер анықталған жоқ. Жол құрылысы нормативтік талаптарға сай жүргізіліп жатыр. Біздің мамандар жолдың әр учаскесінен сынамалар алып, зертханалық тексеруден өтіп жатыр,- дейді Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы ҚОФ зертхана меңгерушісі Мағжан Қасымхан.
Ал Қ.А.Яссауи көшесіне үшінші қабат асфальт жабындысы қазан айына дейін толық төселіп, даңғыл жол ел игілігіне берілетін болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!