Қазіргі цифрлық қоғамда онлайн төлемнің рөлі айтарлықтай жоғары. Күн өткен сайын оның ауқымы кеңейіп, халықтың қаржыны басқару тәсіліне түбегейлі өзгеріс әкелді. Бұрын ақша қолма-қол түрде әмиянда сақталса, бүгінде барлық қаржы бір ғана смартфонның ішінде орналасқан. Бұл – уақытты үнемдеуге және төлемді жеңілдетуге мүмкіндік беретін тиімді шешім. Дегенмен, онлайн төлемнің артықшылықтарымен қатар, белгілі бір қауіп-қатерлері де бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Себебі онлайн төлем ел экономикасындағы негізгі қаржы арнасына айналғанымен, айналымда қолма-қол «жанды ақшаның» азаюы байқалып отыр. Бұл өз кезегінде қаржы қауіпсіздігі, дербес мәліметтердің қорғалуы және халықтың цифрлық сауаттылығы сияқты мәселелерді күн тәртібіне шығарады.
Бүгінде елімізде халықтың басым бөлігі тауар мен қызмет ақысын қолма-қол емес, банк картасы немесе мобильді құрылғылар арқылы төлеуге дағдыланған. 2025 жылғы дерек бойынша Қазақстанда банктік карталар саны 84 миллионға жеткен. Бұл статистика әрбір азаматтың кем дегенде төрт карта қолданатынын көрсетеді. Мұндай мүмкіндік күнделікті төлемдерді жылдам әрі оңай жасауға жол ашты.
Ranking.kz сайтының былтырғы жылғы мәліметінше, карталар саны артқан сайын төлем жасау тәсілдері де өзгеріп келеді. Өткен жылдың алғашқы жартыжылдығында елдегі қолма-қолсыз төлемнің жалпы көлемі 135,2 трлн теңгеге жетіп, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 15,5 пайызға жоғарылаған.
Зерттеуде атап өтілгендей, бүгінде барлық қаржы операциясының 80 пайызы интернет пен мобильді қосымшалар арқылы жүзеге асады. Яғни, 108,3 трлн теңге онлайн форматта айналымға түскен. QR код арқылы төлем жасау үлесі 10,3 пайызды, ал POS-терминалдар арқылы төлем 9,6 пайызды құраған. Бұл деректер онлайн төлемнің халық үшін қалыпты әрі сенімді құралға айналғанын көрсетеді.
Төлем инфрақұрылымы да қарқынды дамып келеді. 2025 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша елімізде 910,7 мың кәсіпкер қолма-қолсыз төлем қабылдаған. Олар мыңнан аса сауда нүктесінде қызмет көрсетіп отыр. Сонымен қатар онлайн банкинг жүйесінің қолданушылары да артып келеді. Банктердің цифрлық сервистерінде 27,1 миллион белсенді қолданушы тіркелген, бұл бір жыл ішінде 12 пайыздық өсімді көрсетеді.
Бұл өзгерістер кездейсоқ емес. Мемлекет қаржы секторын цифрландыру және ашық экожүйе қалыптастыру мақсатында бірқатар стратегиялық құжаттарды қабылдады. Соның ішінде Open API және Open Banking жүйесін дамытуға арналған тұжырымдама 2023-2025 жылдар аралығын қамтып, қаржы қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Алайда онлайн төлемнің кең таралуы жаңа сын-қатерлерді де бірге ала келеді. Кибералаяқтық, фишинг, жеке деректердің таралуы секілді қауіптер күн сайын күшейіп отыр. Сондықтан бұл салада тек технологиялық даму ғана емес, азаматтардың қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыру да аса маңызды. Әсіресе ауылдық жерлерде интернеттің сапасы мен цифрлық инфрақұрылымның жеткіліксіздігі онлайн төлемді толық қолдануға кедергі келтіруі мүмкін.
Осы тұрғыда өңірлік қаржы мамандары да алдын ала дабыл қағып, желі арқылы түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Олар халыққа онлайн төлем жасау барысында жеке деректерді қорғау, күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз қосымшаларды жүктемеу секілді қарапайым, бірақ аса маңызды қауіпсіздік талаптарын үнемі ескертіп отыр. Сонымен қатар екі факторлы аутентификацияны қолдану, биометрикалық қорғаныс орнату, картаға лимит қою сияқты тәсілдер киберқауіптердің алдын алуға мүмкіндік беретіні айтылуда.
Қаржы сарапшысы Балдырған Мәменнің айтуынша, онлайн төлемдердің кең таралуы инфляцияға және баға саясатына да тікелей әсер етіп отыр.
– Онлайн төлемнің тиімді тұстары аз емес. Ең алдымен, ол уақытты үнемдеп, қызметтердің жылдам орындалуына және тапсырыстардың тез қабылдануына мүмкіндік береді. Баға саясаты тұрғысынан алғанда, онлайн маркеттердің көптігі тұтынушыларға бағаны салыстырып, тиімді таңдау жасауға жол ашады. Қазір онлайн төлемнің кез келген түрі арқылы сауда қызу жүріп жатыр. Бұл – қаражаттың нарыққа белсенді түсуіне, соның нәтижесінде ел экономикасының жандануына ықпал ететін фактор, — дейді сарапшы.
Дегенмен, маман бұл жүйенің кері әсерлері де бар екенін жоққа шығармайды. Оның айтуынша, кейбір азамат эмоцияға беріліп, онлайн несие рәсімдеуге немесе қолындағы қаражатты бақылаусыз жұмсауға бейім болуы мүмкін. Бұл қаржылық сауатсыздыққа әкеліп соқтырады. Сонымен қатар онлайн төлемдердің толық қалыптасуымен бірге алаяқтық әрекеттердің де жиілегені байқалады. Жеке деректерді бөгде адамдарға беріп қою, жалған хабарламалар мен қоңырауларға алдану секілді жағдайлар бүгінде өзекті мәселеге айналған. Әсіресе мұндай қауіп-қатерге қарт адамдар жиі ұрынып жатады. Сондықтан отбасы ішінде ата-әжелерге қаржылық сауаттылықты түсіндіріп, онлайн төлемді қауіпсіз қолдану жолдарын үнемі ескертіп отырған жөн.
Цифрлық технология дамыған сайын төлем жасау тәсілдері де жаңарып келеді. Соның айқын дәлелі – биометриялық төлем жүйелерінің енгізілуі. Бүгінде кейбір елде, соның ішінде Қазақстанда да алақан арқылы онлайн төлем жасау технологиясы тестілеу кезеңінен өтіп, біртіндеп қолданысқа ене бастады. Бұл жүйеде пайдаланушының алақанындағы тамырлар үлгісі сканерленіп, арнайы дерекқормен сәйкестендіріледі. Яғни карта, смартфон немесе QR кодсыз-ақ, бір ғана алақанды терминалға тигізу арқылы төлем жасауға мүмкіндік бар.
Мұндай инновациялық әдіс төлем процесін барынша жеңілдетіп қана қоймай, қауіпсіздік деңгейін де арттырады. Себебі алақандағы биометриялық деректерді қолдан жасау немесе жоғалту мүмкін емес. Алайда бұл технология кеңінен қолданысқа енуі үшін құқықтық реттеу, деректерді сақтау талаптары және халықтың оған деген сенімі мен дайындық деңгейі басты назарда болуы тиіс.
Қорытындылай келе, онлайн төлем – заман талабы және көрінбес қаржы айналымының негізгі тетігіне айналып отыр. Ол уақытты үнемдеп, экономиканың ашықтығын арттырғанымен, қауіпсіздік пен цифрлық сауаттылықты талап етеді. Ал алақан арқылы төлем жасау секілді жаңа технологиялар онлайн төлемнің болашағын айқындай түсіп, қаржы саласының одан әрі цифрлануына жол ашатыны сөзсіз.
Оразкүл БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!