Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Өзенмұнайгаз» бен оған еншілес компаниялардан бірнеше заңсыздық анықталды

28.04.2023, 17:06 300

HALYQLINE.KZ Мұнайшылар наразылығынан кейін Жаңаөзенге барған «ҚазМұнайГаздың» жұмыс тобы «Өзенмұнайгаз» бен оған еншілес компаниялардан ондаған заңсыздық анықтады деп хабарлады ҚМГ сайты. Жаңаөзенде наразылықты жалғастырып жатқан мұнайшылар «заңсыздық одан да көп болуы мүмкін» дейді.

ҚМГ сайтында төмендегідей «заңсыздықтар анықталғанын» атап өтеді:

  • Компания штатына кезектен тыс немесе біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін және жөндеумен айналысатын бөлімшелердің мамандықтары бойынша жеткілікті жұмыс тәжірибесі жоқ адамдарды жұмысқа қабылдау фактілері;
  • Бірқатар жүк көлігінің GPS деректері уақыт кестелерімен сәйкес келмегені;
  • Мұнай өндіретін жабдықты жалға алу құнын асыра көрсету фактісі: әмбебап электр орталықтан сорғыны тәулігіне ұңғымаға 96 мың теңге бағамен жалға берген, ал өңірдегі өзге мұнай өндіруші компанияның дәл осындай сорғыны жалға беру бағасы бұдан 2 есе арзан – 39,7 мың теңге;
  • Техника қауіпсіздігін бұзу, экология нормаларын сақтамау жайттары;
  • Мердігер компанияларда зейнетақы жарнасы 2-3 айға кешіктірілген, көлік қызметкерлері арнайы киім мен тамақпен қамтамасыз етілмеген.

«ӨМГ ұңғымаларды жөндеуге арналған 14 дана көтергіш агрегат сатып алды. Мәміленің жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден асқан. Жеткізу мерзімі – 2022 жылғы 31 желтоқсан. Тексеру барысында көрсетілген мерзімде 14 агрегаттың біреуі ғана жеткізілгені анықталды. Есеп беру құжаттамасында ол жаңа деп көрсетілген. Алайда тексеріс нәтижесінде оның компоненттері әлдеқашан ескіргені, көптеген бөлшегі жоқ екені, қуат конструкциялары пайдалану үшін қауіпті екені анықталды. Мұны жасыру үшін тот басқан корпусы мен шассидің металл конструкциялары қара түске боялған» деп жазылған компанияның хабарламасында.

Компанияның хабарлауынша, әрбір факт бойынша «тиісті шаралар қабылданып, кінәлілер жазаланады, тиісті құжаттар құқық қорғау органдарына тапсырылады» дейді ҚМГ баспасөз қызметі.

Жаңаөзенде «Өзенмұнайгаз» кеңсесі алдында наразылық білдіріп тұрған «БерӘлі Маңғыстау Company» мекемесінің 100-ден астам жұмысшысы ҚМГ-ның «заңсыздықтар» туралы ақпаратын жергілікті БАҚ арқылы естігенін, өздеріне комиссия мүшелері келмегенін айтты.

– Ондай заңсыздық көп деп ойлаймыз. Әлі де көп шығады. Кінәлілердің аты-жөні жарияланып, тиісті жаза алуын талап етеміз. Мысалы, «штатқа тәжірибесі, білігі жоқ адамдар алды» дейді. Демек, сол бөлімге жауапты, сол заңсыздыққа қатысы барлар да жауапқа тартылуы керек деп есептейміз. Барлық ақпарат жария етілуге тиіс. Біздің әлі де күмәніміз бар. Жазып жатыр, рақмет, бірақ әлі заңсыздықтар көп деп ойлаймыз. Енді болатын тендерлер ашық өтсін, құжаттарын мұқият тексерсін. Соған қандай да бір көмегіміз тисін деп тұрмыз, – деді мұнайшылардың бірі Есенжан Әбдірахимов Азаттыққа.

Оның сөзінше, қазір мұнайшылар наразылығы әлі жалғасып жатыр. Лайық еңбекақысы бар, еңбек жағдайы сақталған кәсіпорыннан тұрақты жұмыс тауып беру туралы талаптары әлі өзгермеген.

  • Сәуірдің басында «Өзенмұнайгаз» компаниясының мердігері «БерӘлі Маңғыстау Company» кәсіпорны тендерде жеңіліп, 100-ден астам адам жұмыссыз қалды. Жаңаөзенде жұмыс талап кеткен мұнайшылар 10 сәуірде Астанаға келді. Бір тәулік энергетика министрлігі алдында қонған мұнайшыларды 11 сәуірде кешке қарай полицияның арнайы жасағы күштеп ұстап әкеткен. Бұдан соң Жаңаөзен мен Ақтау тұрғындары көшеге шығып, ұсталғандарды босатуды талап етті. Алматы мен Астанада және өзге де өңірлерде белсенділер ұсталған мұнайшыларды босатуды талап етті.
  • 12 сәуірде таңертең мұнайшылардың көбі пойызбен Жаңаөзенге қайтарылып, 10 адам келісім жүргізу үшін Астанада қалған. 20 сәуірде мұнайшылар ҚМГ келіссөзді тоқтатқанын, талаптары әлі орындалмағанын жеткізген. Ал ҚМГ «арнайы комиссия» құрылғанын, Жаңаөзенде мұнай-газ саласындағы кәсіпорындардың жұмысы тексерілетінін мәлімдеген.
  • Астанадан Жаңаөзенге оралған наразы мұнайшылар «Өзенмұнайгаз» алдына қайта жиналып, тұрақты жұмыс талап еткен акцияны жалғастырған. Олардың сөзінше, содан бері оларға компаниядан және жергілікті биліктен талаптарын тыңдау үшін ешкім келмеген. Өткен аптада олар «бізді әкімдік пен прокуратура өкілдері таратуға тырысты» деп хабарлаған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: