HALYQLINE.KZ
Өрттен зардап шеккен отбасы ауруханадан шыққан бойда дайын уақытша баспанаға орналастырылады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Елмурат Рахматуллаев қала әкімдігінде өткен брифингте хабарлады.
– Қала әкімдігі оқиға орын алған бойдан шұғыл әрекет жасап барлық көмектерді қарастырды. Отбасы ауруханадан шыққан бойдан дайын уақытша баспанаға орналастырылады. Сонымен қатар, қажетті азық-түлік, төсек орындар, киім-кешектер және басқа да қажетті құралдармен қамтамасыз етіледі» – деді Елмұрат Рахматуллаев.
Брифинг барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Бибізада Дүйсенбаева қазіргі таңда отбасы мүшелерінің жағдайы қанағаттанарлық деңгейде екендігін мәлімдеді. Ал қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасулан Туйменов: «Қазіргі таңда сараптама тағайындалып, өрттің шығу себебі анықталуда. Болжам бойынша өрт тоқтың қысқа тұйықталуы немесе ашық отты пайдаланудан болуы мүмкін» – деді.
Айта кетейік, өткен түні жедел құтқару қызметіне сағат 00:50 шамасында Әл-Фараби мөлтек ауданында орналасқан жеке тұрғын үйден өрт орын алғаны туралы хабарлама келіп түскен. Аталған мекенжайға шұғыл жеткен өрт сөндірушілер түнгі сағат 01:23-те жалынды толығымен оқшаулап, өшірген. Алайда орын алған оқыс оқиға салдарынан отбасының 4 баласы мен анасы орташа ауырлықта көмір қышқыл газына уланып, ауруханаға түскен. Тілсіз жау 2020 жылы дүниеге келген бүлдіршіннің өмірін қиды.
Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!