Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Наурыз»: ел тұрмысы жаңарды

10.04.2025, 8:00 73

Биыл наурыз айы ел үшін жаңа мүмкін­дікке толы болды. Себебі, «Нау­рыз» деген қастерлі атауы бар жаңа тұрғын үй бағдарламасының іске қосылатынын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың өткен жылғы отырысында жариялаған болатын. «Биылғы 1 наурыздан бастап іске қосылған «Отау» ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие. Бұған қоса, ауыл және аудан орта­лығының тұрғындарына  арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Онда әлеуметтік осал топтар үшін несие 7%-дан аспауы қажет» деген болатын Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында. Бұл жиын 2024 жылы 15 наурызда өткендіктен, жаңа тұрғын үй бағдарламасына «Наурыз» деген атау берілді. Содан бері жаңа бағдарламаның іске асуын, оның талаптарын ел болып асыға күттік. Күткен нәтижеміз де көңіл қуантарлықтай болды. Оңтайландырылған жаңа ипо­текалық бағдарлама пайдалануға берілген бойда баспанаға қол жеткізген отбасылардың жаңа өмірі басталып, жарқын болашаққа жолы ашылса керек. Яғни, бұл дегеніміз, баспана жұрттың тұрмыс сапасын танытып ғана қоймай, қазіргі таңда өміріміздің маңызды көрсеткішіне айналғаны белгілі. Себе­бі, елімізде  баспанаға  мұқтаж  азаматтар  қатары  көп.

«Наурыз» ипотекалық бағдарламасы аясында Отбасы банк оператор болып бекітілді. Бағдарлама іске қосылғаннан банк ғимаратының алды  адамға лық толып, үй алам деген үміттілер сары­лып кезек күтті. Иә, бұл бағдарламаның талаптарына ел дән риза көрінеді. Ал бағдарлама шарттарына тоқталар болсақ, мемлекеттен баспанаға мұқтаж азаматтарға деп 300 млрд теңге бөлініп, бұл қаржы шамамен 11,5 мың қазақ­стандыққа үй сатып алуға үлкен жол ашты десек болады. Айлық табысыңыз­дан бастап, атыңызда кемі 5 жылға де­йін баспана болмауы, сондай-ақ, бас­тапқы жарна қаражаты 2 млн теңгеге дейін болуы басты шарттардың бірі болды. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 7 пайызға дейін, қандастарға 9 пайыздық көрсеткішпен ұсынылды. 18 бен 63 жас аралығындағы азаматтар қатысып, өз бақтарын сынады. Тағы бір басты шарт – өтініш иесінің Отбасы банкінде салымы болуы және онда кем дегенде 1 млн теңге сақталуы керек. Оны бір күнде жүзеге асырса  да  болады.

– Жинақтау мерзімі ескерілмейді, ол үшін балл берілмейді. Бағдарламаға қатысуға өтініш берген сәтте депозитте кемі 1 млн теңге болуға тиіс. Жинақтау сомасы бұдан төмен депозиттер бағдарламаға қатысуға сәйкес келмейді. Бұл соманы дәл сол күні аударуға да болады, – деді банк  қызметкері  Назерке  Абилдаева.

Сонымен қатар, облыс бойынша «Наурыз»  бағдарламасы аясында  34 968 өтінім қабылданды. Бұдан бөлек «Нау­рыз жұмыскер» бағдарламасы да іске қосылып, бірқатар еңбек адамының  қоныстой  жасауына  себепкер  болды. Бұл бағдарлама 2025 жыл жұмысшы мамандықтар жылы болғандықтан, 17 нау­рыздан бастап жыл соңына  дейін  іске  аспақшы.

– «Наурыз» бағдарламасы арқылы 2 бөлмелі пәтер алдым. Бұған дейін отбасыммен 15 жылдай жалдамалы пәтер жағалап жүрген болатынмын. Бұл бағдарлама бізге өте тиімді болды. Сондықтан бағдарлама ашылады дегеннен бастап үйдің алғашқы жарнасын жинап, құжаттарымды реттей бастадым. Барлық шартына менің өтінішім сәйкес келген соң бірден үй іздеуге кірісіп, өзімізге  ыңғайлы  баспананы  таптық. 19 жылға айына төленетін төлем де қолайлы шықты. Алған сәттен бастап қоныс ауыстырып, жаңа үйімізге қоныс­той да жасап үлгердік, – деді Айдана Құрман­ғазықызы.

Айта кетейік, бағдарламаның тиім­ділігі көп халықтың игілігіне жараса, біршамасына шарттары сәйкес келмепті.

– Отбасы банк арқылы ипотекалық «Наурыз», «Отау» бағдарламасына өтініш қалдырған болатынмын. Оның жүйесі өтінішімді мақұлдаудан бас тартты. Барлығы дұрыс болатын. Бірақ отбасымның барлық мүшесінің атында кемі 5 жылға дейін мүлік болмауы керек екен. Осы талаптың салдарынан биыл және бірнеше жыл баспаналы бола алмай­ды  екенмін, – деді Қазыбек Серік.

Десе де, соған қарамастан, халық тарапынан сұраныс жоғары. Оған қоса, өтініштерді қанағаттандырып, баспана алуға арзан несие беру үшін Отбасы банк биыл өз жұмысын бастап кетті. Айта кетейік, «Наурыз»  бағдарламасы  8 жылға бағытталған.  Жыл сайын «Нау­рыз» бағдарламасына 200 млрд теңге бөлінеді. Жалпы, осы уақыт ішінде Қазақстанның 68 000 азаматын өз тұрғын үйімен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сондықтан, жыл сайын өз мүмкіндігіңізді пайдаланып көруге тырысыңыз. Себебі, баспаналы болу – болашаққа деген  сенімнің  кепілі.

 Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: