Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мектептердің құрылыс жұмысымен танысты

12.08.2025, 17:50 183

HALYQLINE.KZ

Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев кезекті жұмыс сапарымен Сексеуіл кентіне барып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 300 орындық мектеп ғимаратының құрылыс жұмыстарымен танысты.

Бүгінгі күнде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілу үстінде. Құрылысқа жалпы 100-ге жуық адам жұмылдырылған. Қазіргі уақытта ғимарттың ішкі әрлеу жұмыстары жүруде. Білім ордасының аумағын абаттандыру бойынша да жұмыстар басталып кеткен. Жаңа әрі жайлы үлгідегі білім ордасы осы жылдың жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Білім ордасының құрылысын көрген аудан әкімі жұмыстың әлі де мардымсыз жүргізіліп жатқанын алға тартып, нысанның мерзімінде әрі сапалы түрде халық игілігіне берілуі үшін барлық мүмкіндікті қарастырып, қажет болса екі ауысыммен жұмыс жүргізу керектігін ескертті.

Мұнан соң кент орталығындағы ескі теміржол бекетіне аялдады. Тозығы жеткен көне ғимарат қазірдің өзінде қабырғалары қисайып, жарық түскен күйде тұр.

Аудан әкімі жолаушылар арылмайтын теміржол бекетінің ғимараты әркез талапқа сай болуы керек екенін баса айтып, ғимарат ескі болғандықтан құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында салғырттыққа бой алдырмау керектігін қатаң ескертті.

***

Ал, Тоқабай ауылында аймақ басшысының қолдауымен демеушілік есебінен салынып жатқан жаңа мектеп ғимаратының құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Мұндағы жұмыстармен аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев кезекті елге жасаған сапарында танысты.

Мектеп ғимаратының алғашқы блогы жыл басында пайдалануға беріліп, ауыл балалары білім алып келді. Қазіргі уақытта мектептің қосымша екі бөлігінің құрылыс жұмыстары жүріп, негізгі жұмыстар аяқталуға жақын. Спорт залы және асхана бөлігі қамтылған ғимаратта бүгінде ішкі электр желілерін жалғау, айналасын ретке келтіріп, әрлеу-сырлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аудан әкімі ауыл балаларының ыстық ұясына айналған жаңа білім ошағын алдағы уақытта күтіп-ұстап, жүргізіліп жатқан әрбір жұмыстың сапалы болуына баса назар аудару керектігін жеткізді.

Сосын ауыл сыртында жүргізіліп жатқан су айдау бекетінің құрылыс жұмысымен танысты.

Қазіргі уақытта ауданға қарасты Ақбасты елді мекені толықтай орталықтандырылған ауызсу желісіне қосылды. Тоқабай, Абай елді мекеніне ауызсу жеткізуді мерзімінде аяқтауға күш салынуда. Жобаны жауапкершілігіне алған бас мердігер «Сапа құрылыс 2007» ЖШС бүгінде осы жұмыстармен қатар Ерімбетжаға, Тастүбек елді мекендеріне де ауызсу желісін тарту жұмыстарын жүргізуде.

Осы бастамалардың нәтижесінде ауданды таза ауызсумен қамту көрсеткіші 95,9 пайызға жетеді.

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: