«Титов» мөлтек ауданындағы №29, 30, 31 көпқабатты үй тұрғындарының шағымы бойынша қала әкімі Серік Қожаниязов аталған ауданға арнайы барды. Халықпен кездесіп, талап-тілектерін тыңдады. Бұл туралы Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнатуға, әлеуметтің әлеуетін нығайтуға біз қашанда дайынбыз. Қазір көпқабатты үйлердің жағдайы бойынша зерделеу жүргізіп, тиісті шараларды қабылдайтын боламыз, – деді шаһар басшысы кездесуде.
Халық пікірінен туындаған көкейтесті проблемаларға байланысты іс-шара жоспары бекітілді. Оның ішінде, №29 көпқабатты тұрғын үйдің ауласындағы балалардың ойын алаңын кеңейту, кәріз су құбырларын ауыстыру секілді жұмыстар бар. Мұндай тұрғындар талабы №30, 31 көпқабатты тұрғын үйлерге де тән. Яғни, көпқабатты үйлерді жаңғыртып, тұрғындарға қолайлы жағдай туғызу қажет. Соған сай мәселелерді шешудің уақыты белгіленді, оған бақылау жасау жауапты мамандарға жүктелді. Қала әкімі Серік Қожаниязовтың ашық әрі жариялы жүздесуіне, жағдайды жедел реттеу әрекетіне тұрғындар өз тарапынан ризашылығын білдірді.
Айта кету керек, биыл жалғыз баспанасы апатты деп танылған 135 отбасыға пәтер сатып алынады. Қазірде осы мөлтек ауданда жаңа тұрғын үйдің құрылысы бастау алды. Қала әкімі құрылыс жұмыстарымен танысып, алда атқарылар шаруаларды пысықтады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!