Еңбек адамының беделін көтеру, кәсіби білім беру және еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша оқытуды жетілдіру – бүгінгі күннің сұранысы. Қаладағы «Оrda» колледжі осы бастамаға келгенде көші ілгері. Оқу орны студенттердің кәсіби дағдыларын дамыту бойынша бірнеше жоба жасады. Шеберлікті шыңдау мақсатында шетелден де шебер мамандарды алдыруда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Orda» жоғары колледжі директорының оқу өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары Арайлым Қонақбаева мен «Orda» жоғары колледжінің әдіскері Айнұр Бекенова тарқатып берді.
– Білім беру жүйесін жетілдіру және техникалық мамандықтарды дамыту мақсатында «ORDA» жоғары колледжі шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнатып, халықаралық тәжірибені енгізуге ерекше назар аударуда. Осы бағытта 2023 жылы Германия мен Швейцариядан білікті тәлімгерлер шақырылып, студенттерге өз тәжірибелерімен бөлісті. Неміс маманы өз елінде автокөлікті жөндеу және техникалық қызмет көрсету саласында көпжылдық тәжірибесі бар білікті маман ретінде студенттерге құнды білім берді. Ал екінші маман IT саласы бойынша болашақ мамандарды даярлап, бағдарламалау негіздерінен бастап, кәсіби деңгейге дейінгі оқыту жүйесін енгізді. Бұл мамандар SES компаниясынан арнайы шақырылып, колледж студенттерінің біліктілігін халықаралық деңгейде арттыруға көмектесті, – деді Арайлым Сағындыққызы.
Бүгінде еңбек нарығында техникалық мамандықтарға деген сұраныс қарқынды өсіп келеді. Осы қажеттілікті ескере отырып, «ORDA» жоғары колледжінде «Электроника» құзыреттілік орталығы ашылды. Бұл орталық – студенттердің кәсіби дағдыларын дамытуға арналған бірегей алаң, онда теория мен тәжірибе үйлесімді түрде ұштасады
– Бұл бастама тек экономика мен өндірісті дамытуға ғана емес, сонымен бірге жастардың еңбекке деген көзқарасын жаңғыртуға, олардың кәсіби бағдарын айқындауға бағытталған маңызды қадам болды. Біздің басты мақсатымыз – еңбекке құрметпен қарайтын, заман талабына сай білікті мамандарды даярлау. Осы бағытта біздің оқу орны да халықаралық тәжірибені енгізу, заманауи технологияларды пайдалану және жұмыс берушілермен тығыз серіктестік орнату сияқты түрлі жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Алдағы уақытта жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы беделін арттыру, жастарды осы бағытқа ынталандыру мақсатында әр мектеп пен колледжде арнайы жобалар қолға алынатын болады. Қазіргі таңда бұл бастамалардың бірқатары жүзеге асырылып та жатыр. Мамандықтар жәрмеңкелері, кәсіптік бағдар беру кездесулері, өндірістік шеберлік сабақтары сияқты іс-шаралар жасөспірімдердің болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға ықпал етеді. 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында өткізілетін іс-шаралар білім беру жүйесін дамытуға, жастардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге және жоғары білікті, сұранысқа ие мамандарды даярлауға айтарлықтай үлес қосады. Бұл іс-шаралар еліміздің өндірістік әлеуетін нығайтып қана қоймай, еңбек нарығындағы сұранысты қамтамасыз ететін жаңа буын мамандарды қалыптастыруға көмектеседі,- деді Айнұр Ерталапқызы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!