Арал ауданы әкімі А.Оңғарбаев Арал қаласындағы бірнеше көше тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдады, деп хабарлайды баспасөз қызметі.
М.Балмағамбетов көшесінің тұрғындары көктем-күз мезгілдерінде қатынауға қиындық тудыратындықтан асфальт төсеу қажеттігін айтты. Аудан басшысы биылғы жылы көшеге қиыршық тас төсеу жоспарланғандығын, алдағы уақытта асфальт жабындысын төсеуге мүмкіндіктер қарастырылатынын түсіндірді.
Ал Ғ.Шектібаев көшесіндегі кездесу барысында сорлы аймақты көму, жарықтандыру, спорт алаңын салу мәселелері ұсынылды. Биылғы жылы аталған көшеге түнгі жарықшамдар орнату, спорт алаңын салу, тұрғындар қозғалысына қолайлы болу үшін құм төсеу үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатқаны жеткізілді. Бұдан бөлек аудан басшысы қала әкімі мен жауапты бөлім басшыларына сол маңдағы қоршауларды ретке келтіріп, сорлы аймақ бойынша толық зерделеу жүргізуді тапсырды.
«Шанхай» мөлтек ауданындағы Қазыбек би көшесінің бойындағы жеке кәсіпкер меншігіндегі жерге қандай да нысан құрылысын жүргізуге тұрғындар бұған дейін де қарсылықтарын білдірген болатын. Аудан әкімі тұрғындармен арнайы жүздесіп, қазір спорт алаңы орналасқан жер учаскесін көрді. Тұрғындар пікіріне сәйкес, жер телімінің қазіргі иесімен кездесіп, тиісті шешім қабылданатынын түсіндірді.
Атап өтейік, көше тұрғындарымен өткен кездесуде биылғы жылы Ж.Сауытбаев, Т.Шевченко көшелеріне қиыршық тас төселетіндігі, ал Ғ.Шектібаев көшесін асфальттау үшін жоба әзірленіп жатқаны айтылды.
Аудан басшысы қала көшелерін аралау барысында кәріз су төгу үшін белгіленген орынды көріп, маңайын қоршауды тапсырды. Мұнан соң Қосарал көшесіндегі су тұщыту қондырғысының қазіргі жағдайын көрді. Су тұщытуға арналған қондырғының қажетті құрылғылары қайта орнатылып, жақын күндері іске қосылып, аяқ су ретінде қолданылатын болады.
Кездесу барысында аудан басшысы тұрғындарға барлық ұсыныс-тілектің ескерусіз қалмайтындығын, көптеген жобаның облыстық, республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатындығын түсіндіріп өтті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!