Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көше көркі – тәртіп пен тазалықта

01.07.2025, 18:25 159

HALYQLINE.KZ

Түскі сағат үштің шамасында бір топ журналист Қызылорда қаласы әкімдігінің алдына жиналдық. Мақсат – қалалық полиция басқармасымен бірге санитарлық тазалық бойынша рейдке куә болу, ақпаратпен бөлісу. Соңғы уақыттары қала көшелерінен бейберекет төгілген қоқыс, иістенген күл-қалдықтар, тіпті құрылыс материалдарының үйіндісі секілді көріністерді көзіміз шалып жүр. Былай қарасаң, тастаушы – тұрғындардың өзі. Десе де, бұл мәселеге жауапты мамандарға да айтылып жатқан сын аз емес.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 505-бабында белгіленгендей, қоғамдық орындарды ластау, құрылыс немесе тұрмыстық қалдықтарды рұқсат етілмеген орындарға тастау – айыппұлмен жазаланатын құқықбұзушылық. Алайда, бұл жазадан гөрі алдымен тәртіпке үндеу болуы тиіс.

Осы ретте қала әкімдігі тиісті бөлімдердің қатысуымен жүйелі түрде санитарлық тазалықты сақтау жұмыстары бойынша рейдтік шаралар жүргізіп келеді.

Атап айту керек, рейд барысында тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын белгіленбеген жерлерге тастаған, санитарлық талаптарды өрескел бұзған тұрғындар мен кәсіпкерлік субъектілеріне ескерту жасалып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік шаралар қабылдануда.

Жобаның басты мақсаты – тұрғындар арасындағы тазалыққа деген жауапкершілікті арттыру, қоршаған ортаны қорғау, әрі қала қаланың келбетіне кері әсерін тигізетін заң бұзушылықтардың алдын алу.

Ең алдымен «Шұғыла» шағын ауданындағы «Досааф» маңына бардық. Көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында тұрмыстық және құрылыс қалдықтарының арнайы орындарға тасталмағаны анықталды.

Көше тұрғындары айналаға қоқыс қалдықтарын, әсіресе жөндеу жұмыстарынан қалған материалдарды тастамайтындарын жеткізді. «Балаларымыз ойнап жүріп құрылыс қалдықтарына ұрынып қала ма деп алаңдаймыз. Тиісінше көшені ондай заттардан мейлінше таза ұстауға тырысамыз» дейді олар.

Жолымыз Яссауи көшесінің қиылысына түсті. Мұнда бір тұрғын үйінің жанына тұрмыс қалдықтарын тастаған екен. Оның ішінде ағаштар және кірпіштер бар. Айтуынша, бұл үйге жақында көшіп келген. Сол күннен қалдырмай қалдықтардың көзін құртуға уәде берді. Ал тиісті мамандар ескертпе беріп, енді қайталанған жағдайда 78 мың теңге көлемінде айыппұл салатындарын айтты.

Қала әкімдігінің тапсырмасы бойынша қалалық полиция басқармасымен бірлесе отырып, қала көшелері бойындағы абаттандыру қағидаларын бұзған тұрғындарға профилактикалық сұхбат жүргізіп және ескерту жасау жұмыстары тыңғылықты жүргізілуде. Бұл іс-шараның жалғасып келе жатқанына бір айға жуық уақыт болды. Шара төңірегінде осы күнге дейін он шақты рейдке шықтық. Дәл қазір Яссауи көшесінде ереже бұзған тұрғынға ескерту салынды. Жобаның басты мақсаты – қаланы көріктендіру, бір айдай уақытта өзгерістің бар екенін аңғарып отырмыз, – дейді полиция лейтенанты Мұхаммедәли Сақтағанов.

Тиісті бөлім мамандарының айтуынша, мұндай рейдтер алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: