Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көне үйлердің жаңа келбеті

22.07.2021, 10:30 822

Аумағы  артқан  сайын  облыстағы  қала, аудан­дардың тұрғын үйлер құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жылдар жылжып, уақыт сырғыған сайын заманауи, жаңа үйлер салынып, қала келбетіне көрік қосылуы – құптарлық іс. Десе де, осы жұмыс­тармен қатар ескі үйлердің жағдайын да ұмытпау қажет. Шыны керек, өңіріміздің қай жеріне қарасаң да өткен ғасырда бой көтерген көпқабатты үйлерді кездестіресің. Олардың көбісі әбден ескіріп, тұрғындардың өмір сүруі жағдайын қиындатып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағында 577 үй қайта жөндеуді қажет етіп отыр. Көпқабатты үйлердің барлығын бір мезетте жөндеуден өткізу мүмкін емес. Десе де, мейлінше жөндеуден өткізетін үйлердің санын азайту қажет. Қазіргі таңда облыс аумағында бұл салаға  жақсы  көңіл  бөлінген. Былтыр аймақ­та  30-дан аса көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткі­зілген. Жұмыстың басым бөлігі Қызылорда қаласында атқарылып, Шиелі мен Жаңақорған аудандарында бір үйден жөндеу көрген. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған.

– Ескірген үйлерді қайта жөндеудің маңызы зор. Қаланың әрбір тұрғыны таза һәм қауіп­сіз үйде тұруға лайықты. Сондай жағдай жасау керек. Өңірімізде жөндеуді қажет ететін үйлер көп. Десе де, бұл олқылықтың орнын жылдан-жылға толтырып, жемісті жұмыстар атқарып келеміз. Арнайы бағ­дарламалар аясында 2020 жылы тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізуге 2,35 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, өткен жылы қаламызда 37 көппәтерлі үй күрделі жөнделді. Жоғарыда айтқан бағдарламаларға сәйкес, күрделі жөндеу қайтарымды қаражат есебінен жүргізіледі. Яғни, тұрғындар бірнеше жылдың ішінде жөндеуге кеткен қаражатты біртіндеп өтеп береді. Бұл екі тарапқа да тиімді екенін айта кеткеніміз жөн. Биыл да көптеген жұмыстар атқарылды. Ағымдағы жылы 22 көппәтерлі үйді күрделі жөндеуден өткізуге ұсыныс тастадық. Оның ішінде 11 үйдің ұсынысы қабылданып, қаражаты түсіп қойды. Жұмыстардың барлығын жоғарғы деңгейде жасауға тырысамыз. Ең бастысы, тұрғындар атқарылған жұмыстарға риза, – деді «Қызылорда тазалығы» ЖШС директорының орынбасары  Сапарғали  Асылбеков.

Дейін

Сан мен сапаның аражігіне көз жеткізу үшін қайта жөндеуден өткен үйлерді өз көзімізбен көруді жөн санадық. Қала орталығында 1966 жылы салын­ған Ғ.Мұратбаев көшесіндегі 15А тұрғын үйіне жол тарттық. Көппәтерлі үй өткен жылы күрделі жөндеуден өткен. Үйдің ішкі бетімен қоса сыртқы келбеті де адам танымастай өзгерген. Онымен қоса, ауласына шағын қоршау орнатып, демалыс орындары да ретке келген. Сырт көзбен қарасаң, сапасы сын көтеріп тұр. Жөндеу жұмыс­тарының басы-қасында тұрғын­дардың өздері бол­ған. Мердігер компанияны да өздері тауып, күн сайын  жұмыс барысын бақылап отыр­ған екен. Бұл туралы  тұрғындардың өздері айтып  берді.

Кейін

– Бұл көппәтерлі үйде тұрып келе жатқаныма 22 жыл болды. Екінші қабатта тұрамын. Бұрындары өмір сүру өте қиын еді. Бұл үйді қаланың көпшілігі біледі. Үйіміз қайта жөндеуден өткеннен кейін өміріміз де түбегейлі өзгерді десем қателес­пеймін. Бұрындары өжіре қалдық суларға толып, иісі бүкіл үйге шығатын. Астындағы құбырлар тесіліп, сынып қалған. Оны жөндеуге ешкімнің де қауқары жоқ еді. Ал шатыр мүлдем ескіріп, жаңбыр жауған кездері суға малынып отыратынбыз. Қазір су ақпайды, жертөле таза. Қалдық судан түнде масалар жиналып, кеш батқанда жағдай мүлдем қиын болып кетуші еді. Үй қайта жөндеуден өткеннен кейін қиын күндер артта қалды деп жүрміз. Жөндеу жұмыстарына толық көңіліміз толды. Мердігер компанияны тұрғындар болып өзіміз таңдадық. Көрші үйлерді жақсы қылып жасаған компаниямен келістік. Жөндеуден бөлек мердігер тұрғын үй ауласына да сән кіргізді. Қоршаулар мен орындық­тарды тегін орнатып, сыйға тартты. Үй сапасын да тұр­ғындар болып өзіміз қабылдап аламыз. Арнайы комиссиялар да бекітті. Мен өзім тұратын үшінші подъездің комиссиясымын. Үйдің сапасына толық көңілім толды, – деді тұрғын  Махмұт  Әшімов.

Ағымдағы жылы қала­мызда 22 көпқабатты үйді қайта күрделі жөндеуден өткізуге ұсыныс тасталған. Оның 11-і қолдау тауып, қаржысы бөлінген. Қазіргі таңда қалғандарының жауабын күтіп отыр. Бұл саладағы басты ерекшелік – бұқара мен биліктің бірігіп жұмыс істеуі. Алдағы уақытта қайта жөндеуден кейін тұрғындар үйдің ендігі жағдайын өз мойындарына  алатынын  жеткізіп  отыр.

– Күрделі жөндеу жоғарғы деңгейде жасалды. Тұрғын үйдің іші де, сырты да көркем күйге еніп тұр. Айналасын қоршап, сыртын әрлеп те берді. Жағымсыз иіс, қолайсыз тіршілікті ұмыттық десем де болады. Осы іске қол ұшын созып, арнайы бағдарламалармен несие алып берген жауапты мамандарға алғысым шексіз. Ендігі бар жауапкершілік тұрғындарға, яғни өзімізге қалды. Подъезд ішін таза ұстап, еденін жуып, басқалардан ластамауын сұрап жүрміз. Мердігер компания 2 жыл кепілдік берді. Күзде құбырларды тексеріп, жылу жұмыстарын көреміз. Сол кезде үйді толық қабылдаймыз, – деді тұрғын Эмма  Юн.

Жалпы,  облыс  бойынша ағымдағы жылы 30 тұрғын үй жөнделеді деген жоспар бар. Әрине, қолдау тауып, қаржы бөлінуі керек. Тұрғын үйлердің келбеті қала қонақтарына да жағымды естелік қалдыратыны анық. Аталмыш бағдарламаны іске асыру азаматтардың тұрғын үймен қамтамасыз етілу көрсеткішін жақсартуға мүмкіндік береді және тұрғын аумақтардың орнықты дамуына, экономикалық, әлеуметтік, өзге де қоғамдық мүдделерді ескере отырып, өмір сүрудің қолайлы ортасын, қоғамдық кеңістікті құруға және аумақты абаттандыруға ықпал етеді. Соны­мен қатар, көкжиегі кең қаланың қазіргі заманғы келбетін қалыптастыруға әсері мол. Жауап­тылар­дың айтуынша, бұл жұмыстарды одан әрі жалғас­тыру тұралап қалмайды. Алдағы уақытта тұрғындардың жайлы жағдайы үшін көптеген жұмыс­тар  атқарылады.

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: