Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көктемде қандай күтім қажет?

28.03.2026, 7:00 34

HALYQLINE.KZ

Көктем – табиғаттың, сондай-ақ, адам ағзасының да қайта бейімделу кезеңі. Қыс бойы күн сәулесінің аздығы, қозғалыстың төмендігі және дәрумен тапшылығы салдарынан иммунитет әлсірейді. Соның әсерінен көктем айларында адамдар жиі сырқаттанып, өзін әлсіз, шаршаңқы сезінеді.

Қыс бойы әлсіреген ағза көктемде ерекше күтімді қажет етеді. Күн жылынғанымен, бұл кезең – денсаулық үшін ең осал уақыттардың бірі. Дәл осы мезгілде иммунитет төмендеп, созылмалы аурулар мен аллергия жиілейді. Алайда, ағзаға дұрыс күтім жасалмаса, қарапайым әлсіздік түрлі ауруға ұласуы мүмкін. Сонымен, ағзамыз көктемде қандай күтімді қажет етеді? Жүргізілген зерттеулерге назар салайық.

Ең алдымен, тамақтану тәртібіне ерекше көңіл бөлу қажет. Көктемде ағза дәрумендер мен микроэлементтерге зәру болады. Сондықтан күнделікті ас мәзірінде жаңа піскен көкөністер, жеміс-жидектер, көк шөптер, ақуызға бай тағамдар, атап айтқанда, ет, балық, жұмыртқа, сүт өнімдері жеткілікті болуы тиіс. Әсіресе, С дәрумені иммунитетті нығайтып, вирустарға қарсы тұру қабілетін арттырады.

Екінші маңызды мәселе – су ішу мәдениеті. Қыс мезгілінде көп адам сұйықтықты аз тұтынады. Ал көктемде ағзаны қалпына келтіру үшін күніне жеткілікті мөлшерде су ішу өте маңызды. Су зат алмасуды жақсартып, ағзадан зиянды заттардың шығарылуына ықпал етеді.

Үшіншіден, қозғалыс белсенділігін арттыру қажет. Таза ауада серуендеу, жеңіл дене жаттығулары, күн сәулесін қабылдау ағзаның тезірек қалыпқа келуіне көмектеседі. Бұл қан айналымын жақсартып қана қоймай, көңіл күйді көтереді, күйзелістің алдын алады.

Төртіншіден, ұйқы мен демалыс режимін реттеу аса маңызды. Көктемгі әлсіздік көбіне дұрыс ұйықтамаудан туындайды. Күніне 7-8 сағат сапалы ұйқы ағзаның қалпына келуіне, жүйке жүйесінің тұрақтануына әсер етеді.

Сондай-ақ, жеке гигиена мен сақтық шараларын ұмытпау керек. Көктемде вирустық инфекциялар әлі де белсенді болады. Сондықтан қолды жиі жуу, адам көп жиналатын орындарда сақ болу, бөлмені желдету – қарапайым, бірақ тиімді алдын алу шаралары.

Бұдан бөлек, аллергияға бейім адамдар ерекше сақ болғаны жөн. Гүлдену кезеңінде тозаң ауада көбейіп, аллергиялық реакциялар жиілейді. Мұндай жағдайда дәрігер кеңесін ескеріп, алдын алу шараларын уақытылы қабылдау қажет. Тағы бір ескеретін жайт – созылмалы аурулардың асқынуы. Көктемде асқазан-ішек жолдары, жүрек-қан тамырлары және буын аурулары жиі мазалайды. Сондықтан профилактикалық тексерістен өтіп, денсаулықты бақылауда ұстау маңызды.

Көктем – жаңару мен серпіліс кезеңі. Бірақ ағзаға дұрыс күтім жасалмаса, бұл мезгіл әлсіздік пен ауруға айналуы мүмкін. Дұрыс тамақтану, жеткілікті су ішу, белсенді қозғалыс, сапалы ұйқы жәнЕ уақытылы медициналық бақылау – көктемді денсаулықпен қарсы алудың ең сенімді жолы.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Фото: aqtobegazeti.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: