1991 жылдың 16 желтоқсаны күні ата-бабамыз аңсаған егемендікке қолымыз жетіп, тәуелсіздігіміз жарияланды. Міне, содан бері 30 жыл. Бұл – айтулы күндердің бірі. Бүгінде жаңарған Қазақстанның шыққан биігі барша жұртқа, әлемге белгілі. Әрине, бұл Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұшан-теңіз еңбегінің арқасы және алдын ала болжай алатын көрегендігі деп білемін. Арыға бармай-ақ ауданнан шалғай орналасқан Жаңақұрылыс ауылының осы тәуелсіздік алғаннан бері іргелі ел болып, ел игілігіне істелген жұмыстарды атап айтсақ та болады.
Тоқырау жылдары жабылып қалған әкімшілік 1999 жылы қайтадан ашылды.
Тарап кеткен совхоздың орнына өндірістік кооператив құрылып, ауыл әкімшілігі мен өндірістік кооперативі бірлесе отырып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында біршама жұмыстар атқарды. Бірнеше шаруа қожалығы құрылып, егін егу және төрт түлік мал бағу, мал азығын дайындаумен айналысып, тұрақты түрде жұмыс істеді. Ауыл тұрғындарының басқа жаққа көшуі тоқтатылды.
50 орындық балабақша жаңадан ашылды.
Ауданда ауылдық жерлерде бірінші болып, Жаңақұрылыс халқы «Сарбұлақ» ауызсуын пайдаланды, әрбір үйге су желісі тартылды.
Фельдшерлік-акушерлік пунктке Арал қорынан жаңа жедел жәрдем көлігі берілді.
Ауыл тұрғындарының жеке малын емдейтін ветеринарлық пункт ашылды.
Ауыл тұрғындарының ауызбіршілігінің арқасында жаңадан «Өтеш Ахун» мешіті салынды.
Жаңадан екі қабатты мектеп бой көтеріп, халық игілігіне беріліп, жылма-жыл мектеп бітірушілер омырауына алтын белгі тағып, мектеп абыройын асқақтатуда.
Жаңа типтік фельдшерлік пункт жаңадан салынып, ауыл тұрғындарын бір қуантты.
Қашықты жақындататын ұялы байланыс мұнарасы бой көтеріп, интернет жүйесі іске қосылды.
Көшелер толығымен түнгі жарықпен жарықтандырылды.
Ірілендірілген 5 шаруа қожалығы және әртүрлі тұрғыда 6 кәсіпкер ауыл тұрғындарына қызмет жасап келеді.
Әрине, бұл – мемлекетіміздің қамқорлығы, егемендігіміздің арқасы. Алдағы жылдары да елдің, ауылдың дамитындығына сенемін. Ойдан ой туады. Ел үшін істеліп жатқан бүгінгі игілікті істерді көзбен көріп, көңілге түйгенімді ой елегінен өткізе отырып, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген бүгінгі тақырыптың кейіпкері аудан әкімі Серік Сағитжанұлының көптің көңілінен шыға білген үлгі аларлық жақсы істерін көпшілікке айту үлкендік парыз деп білемін. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген. Биыл Арал ауданының барлық өңірі қуаңшылыққа ұшырады. Әрине, бұл жаңадан келген аудан әкіміне де, халыққа да ауыр тиді. Аудан әкімі бұл тығырықтан қалай шығудың жолдарын ойдағыдай қарастыра білді. Ауданға төтенше жағдай жариялау керектігін жоғарғы орындарға уақытылы қоя білді. Дер уақытында қабылданған шешімнің арқасында ауданда төтенше жағдай жарияланып, аудан тұрғындарына арзан мал азығы және тұрмысы төмен отбасыларға тегін жем-шөп таратылып берілді. Осыған орай меценат Болат Өтемұратовтың қаржылай көмегінің арқасында Аманөткел елді мекені тұсындағы Сырдария өзенінің «Бұрмақұлақ» арнасы бөгеліп, дария суы бұрынғы аспай арқылы төмен қарай ағып, артық дария суы Ақшатау, Қамбаш көлдеріне келе бастады. Осы бөгеттің арқасында дариядан бастау алатын «Ералы» каналына да су түсетін болды. Бірақ каналдың сағасын және бірнеше жерін қайтадан қазу керек болды. Егер де каналдың сағасы қазылып, іші тазарса, «Ералы» каналынан аққан су Жаңақұрылыс ауылына дейінгі үлкен Қаракөл, кіші Қаракөл, Ақбасты көлдерін суландырып, Жаңақұрылыс елді мекені арқылы кіші айдын, Төбеқайыр, Қайыршақты, Ақкөл алқаптарын суландырады. «Ералы» каналы 80-жылдары қазылып, халық игілігіне пайдаланған. «Ақлақ» тоспасы салынғаннан кейін аталған каналға су түспей қалды.
Жоғарыда аталған көлдерге су келсе, Жаңақұрылыс аумағынан 6000 гектарға дейін шабындық, 10000 га үстінде жайылымдық, Қаратерең жағынан 7000 га шабындық жерлерді халық пайдаланар еді. Каналдың бір беті шабындық, жайылымдық, екінші беті егіс егуге бейімделіп қазылған. Кезінде Жаңақұрылыс мал азығын дайындайтын совхоз болып құрылып, Арал ауданының бүкіл қырдағы совхоздарына шөп дайындайтын іргелі совхоздардың бірі болды. Осы деректі алға тартып, «Ералы» каналын жөндеу туралы аудан әкімі Серік Сағитжанұлына өтініш хат жолдағанмын. Өтініш жерде қалған жоқ. Ел өтінішінің орындалуына күш салып, каналды зерттеп, зерделеп, төлқұжаттарын дайындатып, жер телімін заңдастырып, «Ералы» каналының 5 шақырым жерін қаздыруды бастап кетті. Осыған орай қалқымалы көпірден бері қарай 15 шақырым жерге жаңадан автожол салу жоспарланғанын халықпен кездесуінде айтқан. Ол жолдың да биыл 5 шақырым жерін топырақпен көтеріп, қиыршық тастар төселе бастады. Қалған жері келер жылы аяқталады. Әрине бүгінгі таңда ең өзекті мәселе – аяқсу мен автожол. Осы мәселелер толық шешілсе, халықтың әлеуметтік тұрмысы жақсаратыны сөзсіз.
Енді тағы бір айта кетер жайт, ауылдағы балабақша, кітапхана, клуб ғимараттарының ескіруіне байланысты жаңадан салынып, жыры бітпеген «Жаңақұрылыс – Бекарыстан би» аралығындағы аяқталмай қалған 13 шақырым автожол алдағы жылы сапалы түрде толығымен бітсе, Жаңақұрылыс халқының төрт құбыласы түгел болар еді.
Сердалы ШАЛБАЕВ,
КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі,
Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер Кеңесінің төрағасы.
Арал ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!