HALYQLINE.KZ «Биылғы 9 айдың көрсеткіші бойынша халық жиі тұтынатын азық-түлік тауарлары айтарлықтай қымбаттаған» деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүгінгі Үкіметтің кезекті отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев әлемдік экономика қалпына келе бастағандықтан шикізат бағасы өскенін атап өтті.
«Осы жылдың тамызында өнеркәсіптік шикізат құны негізінен Қытай мен дамыған елдер тарапынан жоғары сұранысқа байланысты базалық металдардың 42,6%-ға қымбаттауы есебінен 38,5%-ға өсті. Осы кезеңде ауыл шаруашылығы шикізаты 22,7%-ға қымбаттады.
Биылғы қыркүйекте өсімдік майы, дәнді дақылдар, сүт өнімдері мен қант бағасының көтерілуі нәтижесінде БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы (ФАО) азық-түлік бағаларының индексі 130%-ға дейін өсті. Бір жыл ішінде ФАО индексі 32,8%-ға көтерілген.
Baltic Dry Index бағалауы бойынша 2019 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда бағасы 5,4 есе, 2020 жылғы мамырмен салыстырғанда – 10 есе өскен», – дейді бас қаржыгер.
Ал баяндамада Қазақстанда инфляция 8,9% екені айтылды. Соңғы бір айда ет (1,3%), өсімдік майы (0,6%) және қант (1,1%) бағасының өсуіне байланысты 11,4%-дан 11,5%-ға дейін өскені айтылды.
«Азық-түлікке жатпайтын инфляция қыркүйекте дизель (бір айда 3,8%), газ (0,9%) және көмір (1,9%) бағасының көтерілуі аясында 7,3%-тен 7,5%-ке дейін 0,2 пайыздық тармаққа өсті. Жанар-жағар майдың қымбаттауы дәнді-дақылдар бағасының өсуіне алып келді. Бұған қоса, көрші елдердегі бағаның қымбаттауы да тікелей әсер етіп отыр», – дейді Ұлттық банк төрағасы.
Белгілі болғандай. Ұлттық банк инфляция дәлізін 7,5-8,5%-ға қайтаруға күш салуда.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!