Әлбетте, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, тиісінше күнкөріс деңгейін жақсарту кез келген мемлекеттің басты мақсаты екені анық. Соңғы жылдары елімізде бұл бағытта бірқатар жүйелі бастама қолға алынғаны белгілі. Соның бірі – 2029 жылға дейінгі «Халық табысын арттыру» бағдарламасы. Мемлекет бұл бағдарламаны экономикалық көрсеткіштерді арттырып ғана қоймай, адамның өмір сапасын жақсарту үшін жасап отыр. Яғни, әңгіме жалақы көлемінен бұрын, халықтың өз әлеуетін толық іске асыруына мүмкіндік беретін орта қалыптастыру туралы.
Осы мақсатта әр өңірде өз ерекшелігіне сай іс-шаралар жүзеге асуда. Аймақтардағы жұмыс орындары, кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығына қолдау, әлеуметтік саланы нығайту – бәрі де халық табысын көбейтуді көздейді. Бұл тұрғыда біздің облыс та бағдарламадан тыс қалған жоқ. Қазірдің өзінде бірқатар бағыт бойынша нақты нәтижелер байқалуда.
Мақалада осы бағдарлама облыс көлемінде қалай орындалып жатқанын, қандай жобалар қолға алынғанын, жергілікті тұрғындардың табысына қандай өзгеріс әкелгенін тиісті мамандардан сұрау салып, жан-жақты талдауға тырысқан едік.
ТАБЫСТЫҢ БАСТАУЫ – ЖҰМЫС ОРНЫ
Халық табысын арттыру үшін ең алдымен еңбек етуге мүмкіндік болуы қажет. Тұрақты табыстың кілті – тұрақты жұмыс орны. Осыны негізге алған мемлекет 2029 жылға дейін халық табысын арттыруға бағытталған арнайы бағдарлама қабылдаған. Бағдарлама аясында ел көлемінде, әрбір өңірде, соның ішінде Қызылорда облысында да нақты жоспарлар құрылып, кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Соның бір көрінісі өңірлік жұмыспен қамту картасы арқылы қолға алынған бастамалар болып тұр.
2024 жылға арналған Қызылорда облысының өңірлік жұмыспен қамту картасы бойынша 46475 жұмыс орнын құру жоспарланған болатын. Жыл қорытындысымен бұл көрсеткіш артығымен орындалып, 49307 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде ұлттық жобалар мен түрлі концепция негізінде 3458 адам, Президенттің «10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын құру» жөніндегі тапсырмасына сәйкес 11870 адам, субсидияланатын жұмыс орындарына 15212 адам жолданды, ал ашық бос жұмыс орындарына 17209 адам орналасты.
Бұдан бөлек, кәсіпкерлікке ынтасы бар, бірақ бастапқы капиталы жоқ азаматтар үшін де мүмкіндік қарастырылып отыр. Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру мақсатында 1558 осал топтағы азамат қайтарымсыз мемлекеттік грант алып, өз ісін бастап кетті. Бұл, бір жағынан, шағын кәсіпті дамытуға серпін берсе, екінші жағынан тұрғындардың табыс көзін көбейтуге мүмкіндік беріп отыр.
Ал биылғы, яғни 2025 жылға арналған жұмыспен қамту картасы аясында облыс бойынша 46560 жұмыс орнын құру жоспарланған. 1 шілдеге дейінгі дерекке сүйенсек, 18348 адам жұмыспен қамтылды, бұл жылдық жоспардың 39,4 пайызына сәйкес келеді. Оның ішінде ұлттық жобалар арқылы 701 адам, Президент тапсырмасына сәйкес 1925 адам, субсидиялы жұмыс орындарына 9851 адам, ал ашық бос орындарға 4793 адам орналасқан.
Сонымен қатар, қайтарымсыз гранттар биыл 1556 азаматқа берілмек, қазіргі уақытта алғашқы лекпен 675 адам өз жобасын іске асыруға мүмкіндік алды. Жалпы алғанда, жұмыс орындарының құрылымына келсек, олар өңірдің негізгі тірек салалары – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету бағыттары бойынша бөлініп отыр. Бұл облыс экономикасының әртараптандырылып жатқанын, яғни тек бір салаға ғана сеніп отырмай, түрлі бағыттан табыс көзін қалыптастыру мақсатын көрсетеді.
МАМАНДЫҚ МЕҢГЕРГЕН ТАБЫСҚА КЕНЕЛЕДІ
Жұмыссыздықты азайтудың бір жолы – азаматтарға сұранысқа ие мамандықтарды меңгерту. Қызылорда облысында бұл бағыт жүйелі жолға қойылған. Жұмыссыз жүрген тұрғындарға қысқамерзімді курстар мен жұмыс беруші базасындағы оқыту форматы ұсынылып келеді. Бұл – бір жағынан, жаңа мамандық игеру мүмкіндігі болса, екінші жағынан, жұмыс берушіге қажетті маманды өз орнында дайындаудың тиімді тәсілі.
2024 жылы аймақ бойынша жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде түрлі техникалық және қызмет көрсету бағытындағы 150 адам қысқамерзімді оқуға жіберілді. Олардың ішінде ағаш ұстасы, балық өңдеуші, электргазымен дәнекерлеуші, аспазшы, автокөлік жөндеу слесарі, тракторист-машинист, ветеринар-санитар, электромонтер, кондитер мен тігінші мамандықтары бар. Осы азаматтардың 140-ы курсты сәтті аяқтап, тұрақты жұмысқа орналасты. Қалған 20 адам жұмыс берушінің базасында оқытылып, толықтай жұмысқа қабылданды. Осы 160 адамның ішінде 89-ы – жастар, 7-еуі – көпбалалы ана, 2-еуі – мүмкіндігі шектеулі азамат.
Бүгінде бұл бағыт жалғасуда. Жыл ортасына дейін 30 адам жұмыс орнында оқуға жіберіліп отыр. Олардың 17-сі – жастар, 2-еуі – көпбалалы ана. Бұл топ 10 тігінші мен 20 дәнекерлеуші ретінде оқытылуда. Мұндай бастамалар әсіресе нақты сұраныс бар салаларға қажетті мамандарды дер кезінде даярлауға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, мұндай іс-шаралар жұмыссыздық деңгейінің біртіндеп төмендеуіне тікелей әсер етіп отыр. Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ж.Дәулетбаеваның айтуынша, облыстағы жұмыссыздық көрсеткіші 2022 жылы 4,9 пайыз болса, 2023 жылы да сол деңгейде қалды, ал биыл 4,8 пайызға дейін төмендеді. Ал жастар арасындағы жұмыссыздық сәл белсендірек төмендегенін байқауға болады: 2022 жылы – 4 пайыз, 2023 жылы – 3,5 пайыз, 2024 жылы – 3,4 пайыз.
Бұл көрсеткіштерге өңірлік жұмыспен қамту жол картасының жыл сайын қабылдануы, онда қарастырылған ұлттық жобалар, ай сайын өтетін бос жұмыс орындар жәрмеңкесі, онлайн курстар, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, қайтарымсыз грант беру және қысқамерзімді оқыту бастамалары әсер етіп отыр. Ең бастысы, әрбір шара қоғамның нақты бір тобына бағытталып жасалады, яғни жастар, әйелдер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар секілді әлеуметтік әлсіз топтарға арналған қолдау жұмысы нақты нәтиже беріп келеді.
Бұған қоса, биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. 2025 жылғы 21 мамыр күні «Нұрсәт» теннис орталығында өткен «Болашаққа бағдар» атты іс-шара – соның бірі. Іс-шара шеңберінде Абай, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстары мен жергілікті жұмыс берушілердің қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік қайтарымсыз грант ұтып, кәсібін ашқан азаматтардың «Қызылордада жасалған» өнімдер көрмесі де ұйымдастырылды.
Жәрмеңке мен кездесулер барысында шамамен 3500 тұрғынға 8 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды. Қоныс аудару арқылы жұмыспен қамту жайында 600-ден астам азамат жеке кеңес алды. Алдағы жылдары да осы бағыттағы саясатты сақтап қалу арқылы облыс әкімдігі жұмыссыздық деңгейін 4,8 пайыз шегінде ұстап тұруды жоспарлап отыр.
ӘЛЕУМЕТТІК ОСАЛ ТОПТАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛМЕК
Халық табысын арттыру бағдарламасы аясында Қызылорда облысында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдауға бағытталған нақты әрі ұзақмерзімді тетіктер жұмыс істеп тұр. Соның бірі – жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз мемлекеттік гранттар. Бұл гранттар негізінен өзін-өзі жұмыспен қамтығысы келетін және жеке кәсібін бастауды жоспарлаған азаматтарға арналған. Мемлекеттік қолдаудың бұл түрі 2023 жылғы 30 маусымдағы № 272 бұйрықпен бекітілген ережелер негізінде жүзеге асады.
Ж.Дәулетбаеваның айтуынша, гранттар тек белгілі бір әлеуметтік санатқа жататын азаматтарға беріледі.
– Олар – атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлем алатындар, қоныс аударушылар, қандастар, мүгедектігі бар азаматтар және мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналар. 2024 жылы осы 7 санат бойынша 1 556 азаматқа конкурстық комиссия шешімімен 400 АЕК көлемінде (1 476 800 теңге) қайтарымсыз гранттар берілді. Олардың ішінде көпбалалы аналар – 1 106 адам, мүгедек бала күтушілер – 176 адам, мүгедектігі бар азаматтар – 182 адам, ал атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен асыраушысынан айырылғандар, тиісінше 39 және 55 адам, — дейді басқарма басшысының орынбасары.
Берілген гранттардың тиімділігі де назардан тыс қалмай отыр. Грант алған азаматтар түгел дерлік салық органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, кәсіпкерлік қызметін бастап кеткен. Олардың бастамалары ауыл шаруашылығынан бастап қызмет көрсету, қолөнер, тігін және тамақ өндірісі сияқты әртүрлі саланы қамтиды. Өз кезегінде бұл әлеуметтік қолдаудың нақты нәтижеге бағытталғанын көрсетеді.
Грант алуға өтініш беру үдерісі де қазір барынша жеңілдетілген. Қағазбастылық мүлдем жоқ: азаматтар өтініштерін тек business.enbek.kz порталы арқылы онлайн тапсырады. 2024 жылы портал арқылы 3 264 өтініш қабылданып, конкурстық комиссия қарауына ұсынылған. Ашықтықты арттыру мақсатында комиссия отырыстары тікелей эфирде әлеуметтік желілерде көрсетілді.
Алайда қолдаудың қайтарымсыз екені бюджет қаражатының босқа жұмсалуы дегенді білдірмейді. Басқарма мәліметінше, «Мансап» орталықтары тарапынан тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде 79 жағдайда 109,6 млн теңгенің мақсатсыз жұмсалғаны анықталып отыр. Оның ішінде 6,3 млн теңге ерікті түрде қайтарылса, 48 адамға қатысты 70,8 млн теңгені бюджетке қайтару туралы сот шешімдері шыққан. Қалған 22 азаматқа қатысты сот процестері әлі де жалғасуда.
2025 жылы да бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Жыл ішінде тағы 1 556 азаматқа 400 АЕК мөлшерінде грант беру жоспарланған. Бірінші кезеңде 2025 жылдың мамыр айында 675 адам грантқа қол жеткізді. Олар да әлеуметтік осал топ өкілдері: 471-і – көпбалалы ана, 90-ы – мүгедек бала күтуші, 76-сы – мүгедектігі бар азамат, қалғаны – АӘК алушылар мен асыраушысынан айырылғандар.
Екінші лектің кестесі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан алдағы уақытта жарияланады. Ал өтініш берушілер өз құқығын қорғау мақсатында жоғары тұрған органға немесе сотқа шағымдана алатыны да заңмен қарастырылған.
Осылайша, Қызылорда облысында әлеуметтік әлсіз топтардың өмір сүру сапасын жақсартып, экономикалық белсенділікке тарту мақсатында нақты әрі жүйелі жұмыстар жүзеге асып жатыр.
ХАЛЫҚ ТАБЫСЫН АРТТЫРУ – ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТТЫҢ ӨЗЕГІ
Халықтың табысы, күнкөріс деңгейі мен еңбекпен қамтылуы – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты өлшемі. Осыны ескере отырып, біз Қызылорда облысындағы «Халық табысын арттыру» бағдарламасының орындалу барысы туралы білу мақсатында облыстық экономика және қаржы басқармасына ресми хат жолдаған едік. Жолданған сауал негізінде басқармадан келіп түскен мәліметтерге сүйене отырып, бағдарлама аясындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын байқадық.
Басқарма басшысы Сәкен Салхадинұлының айтуынша, 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін облыс бойынша 18348 жаңа жұмыс орны ашылған, бұл жалпы жоспардың 39,4 пайызын құрайды. Жыл соңына дейін 46560 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Аталған жұмыс орындары өңірлік жұмыспен қамту картасына сәйкес құрылуда.
– Бұл – халықтың табысын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс. Жұмыс орындарының ішінде 701-і «Ұлттық жоба» аясында құрылса, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» тапсырмасы шеңберінде 1925 адам жұмыспен қамтылды. Бұл көрсеткіштер жыл соңына дейін әлі де өсетін болады, — деді басқарма басшысы Сәкен Салхадинұлы.
Сондай-ақ, әлеуметтік осал топтар мен жастарды қолдау үшін субсидияланатын жұмыс орындары да ұсынылуда. Жыл басынан бері 9851 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар тәжірибесіне, қоғамдық жұмыстар мен алғашқы жұмыс орындарына жолданған. Сонымен қатар бос жұмыс орындары арқылы 4793 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Басқарманың мәліметінше, өңірде тек жұмыс берумен шектелмей, өз ісін бастаймын деген азаматтарға да қолдау көрсетілуде. Биылғы жартыжылдықта 675 адамға мемлекеттік грант берілген. Бұл – негізінен көпбалалы аналар, мүгедектігі бар азаматтар, жастар және табысы төмен отбасылар өкілдері. Грант қаражаты олардың шағын кәсіп бастауына мүмкіндік беріп отыр.
– Біз үшін маңыздысы – әрбір тұрғынның қолында кәсібі, табысы, белгілі бір тіршілігі болғаны. Бағдарлама тек сандар үшін емес, нақты адам тағдыры үшін жұмыс істеуі қажет. Сондықтан жұмыс орындарының санымен қатар, олардың тұрақтылығы мен сапасына да ерекше назар аударамыз, — деді Сәкен Салхадинұлы.
Жалпы алғанда, «Халық табысын арттыру бағдарламасы» өңірде жүйелі түрде орындалып келеді. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы, тұрғындардың өз кәсібін бастауына жағдай жасалуы әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың нақты кепілі болып, «жұмыссыздық» секілді өзекті мәселенің түбегейлі болмаса да, аздап шешілуіне түрткі болып отыр.
Перизат ЗАХРАДИН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!