HALYQLINE.KZ Киіміне қарап ер мен әйелді айырудан қалдық ғой. Бүгін көшеде қарсы алдымнан ұшырасқан адамның жынысын ажырата алмай қатты қиналдым. Бас киімі, курткасы, шалбары, аяқкиімі бәрі-бәрі — ерлердікі. Жүрісі, қимылы, қылығы әйел сияқты.
— Сонша тесіліп қарадыңыз ғой, танысыңыз ба? — деді қасымда келе жатқан келіншегім бүйірімнен түртіп.
— Жоға, қайдағы таныс?
— Қайдан білейін, көзіңізді айыра алмай қалған соң… айтқанымыз-дағы.
— Қойшы-ей, сен де қайдағыны шығармай. Ер адам ғой.
— Жоқ, әйел.
— Еркек.
— Әйел деймін.
— Әйел болса, неге әйелдерше киініп жүрмейді.
— Барын киеді де, — десіп келіншегім екеуміз біраз сөзге келісіп қалдық.
Солай келе жатып Қожанасырдың осыған ұқсас бір хикаясы есіме түсіп, мырс ете қалмаймын ба.
— Сізге не көрінген? Біресе күлесіз, біресе көрінгенге көзіңізді сүзесіз! Еркек деп қоясыз тағы, — деп келіншегім бұлқан-талқан.
— Күлгенімнің себебі бар. Оны үйге барған соң асықпай отырып айтып берейін.
— Жоқ, қазір айтасыз!
— Тура көшеде келе жатып па?
— Тура көшеде келе жатып!
— Жүр онда, бір жерге кіріп, шай ішіп отырып айтайын.
— Мейлі, жүріңіз.
Сөйтіп көшедегі көп кафелердің біріне бас сұғып, келіншегіме Қожекеңнің төмендегі хикаясын айтып беріп, жаным зорға қалды.
…Қожанасырдың заманында көп ел, көп жерді аралаған бір саудагер көрген қызықтырын айтып отырып: — Бағдаттың ар жағында бір ел бар. Онда күн өте ыстық, ыстық болғаны соншалықты халқы күндіз жалаңаш жүреді, — депті. Жұртпен бірге саудагердің әңгімесін ұйып тыңдап тұрған Қожекең: — Сонда олардың қайсысы әйел, қайсысы еркек екенін қалай ажыратады? — деген екен.
Мұрат РАҚЫМЖАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!