Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Былтыр қалада 52 өрт оқиғасы болды

23.08.2022, 17:20 810

HALYQLINE.KZ Өткен жылы шаһарда жылу беру маусымында 52 өрт оқиғасы тіркелген. Дегенмен, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 21,5 пайызға аз. Осының салдарынан материалдық шығын көлемі 5 млн 850 мың теңгені құрап, 2020-21 жылмен салыстырғанда 7,4 пайызға артып отыр. Төтенше жағдайдың салдарынан үш адам отқа оранып, қаза тапқан. Тілсіз жаудың, сонымен бірге өзге де айтып келмейтін апатты жағдайдың алдын алу жұмыстары жүргізілсе де, соңында жазықсыз жұртшылық жапа шегіп, лаулаған оттың ортасында қалатыны тағы бар. Мұны тұрғындардың бейқамдығына балаған күннің өзінде, төтенше жағдайдың алдын алу, түсіндірме жұмыстарын жүргізу уақытында мүлт кетушілік болғанын аңғарамыз. Бірақ техника сыр берген сәтте солақайлыққа жол беріп, тағдырға жаба салатынымызды қайтесің, әйтеуір әркім өз қамын ойлауы керек дегенді басты орынға қоямыз. Осындай оқиғаларды болдырмау үшін атқарылып жатқан жұмыстарды баяндауға қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасұлан Түйменов қалалық әкімдіктің баспасөз орталығында брифинг берді.

  • Көмірқышқыл газынан улану көптеген жағдайда тұрғындардың өрт қауіпсіздік шараларына салғырт қарауынан, яғни тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеуінен, балаларды қараусыз қалдыруынан пайда болып жатады. 2021-2022 жылғы жылу беру маусымында 11 405 тұрғын үй секторының ауласы араланып, тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Тұрғындармен 65 рет кездесу ұйымдастырылып, соның ішінде электр және газ баллон жабдықтарын, пешті және газ пештерін орнату, қолдану туралы өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деді Ж.Түйменов.

Қазіргі таңда 2022-2023 жылдары жылу беру маусымына дайындығы аясында Департамент бастығының бұйрығына сәйкес, ағымдағы жылдың 15 тамызы мен 15 қыркүйегі аралығы «Өрт қауіпсіздігі айлығы» болып жарияланып, әр аптаның сәрсенбі, жұма және сенбі күндері қала бойынша Басқарманың қызметкерлерімен және «ҚазТрансГаз» мекемесі, Полиция басқармасының қызметкерлерімен, қоғамдық бірлестіктердің еріктілерімен бірлесіп жылу беру маусымы кезеңінде өрттің пайда болуын, адамдардың қаза болуын және жарақат алу қауіп-қатерін азайту мақсатында профилактикалық үгіттеу-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Сонымен қатар, тұрмысы төмен, осал топқа жататын тұрғын үйлерге  көмірқышқыл газын анықтайтын 331 дана датчик орнатылды. Бұдан бөлек «Қызылорда қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі ұсынған тізім бойынша «АлауГазАймақ» ЖШС-мен Наурыз және Махамбет ауылдық округінде тұратын тұрмысы төмен мүгедек жандардың тұрғын үйлерінің мұржаларын тазарту жұмыстары жүргізілуде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: