Белгілі күйші-композитор, ақын-жырау, өн бойына жеті өнерді меңгерген Сыр сүлейлерінің сарқыты, тағдыры теңізбен біте қайнасқан айдынды өлкенің тумасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, Арал ауданының Құрметті азаматы Мұрат Сыдықов дүниеден өтті. Бұл туралы Қызылорда облысының мәдениет басқармасы жазба қалдырды.
Мұрат Сыдықұлы – 1940 жылы Арал ауданы, Бөген ауылдық кеңесіне қарасты «Қарашалаң» елді мекенінде балықшы, өнерпаздар отбасында дүниеге келген. Әкесі Сыдық мерген аңшы, домбырашы, сауыққой-сері, анасы Болқын қолөнер және сөз шебері болған.
1980 жылы өзінің отбасы мүшелерінен тұңғыш «Сыдықовтар жанұялық ансамблін» құрып аудан, облыс жұртшылығына концерттер беріп, өнер сүйер қауымның мақтанышына айналды.
Мұрат Сыдықұлы әндер, күй-толғаулар, өлең-жырлар жазумен 1958-1959 жылдардан бастап шұғылданып келе жатқан дарынды күйші, композитор, жыршы-ақын. Виртуоз орындаушы ретінде Республикалық, Бүкілодақтық, Халықаралық өнер байқауларының лауреаты. Сонымен бірге шебер сценарий жазушы, режиссерлығы, актерлығы да бар елімізге белгілі, жан-жақты үлкен өнер иесі. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, бірнеше шәкірттер тәрбиелеген білікті ұстаз.
Қазақстан композиторлар Одағынан жоғары бағаланған «Қайдасың сен», «Балықшы қыз», «Сыр гүлі», «Сырдария», «Шаттанамын», «Шалқи бер, дала», «Аққуым менің», «Майдангерлер мәңгі жасайды», «Туған жер» т.б. әндері мен «Арал толқыны», «Біздің Ғани», «Әке арманы», «Қайран ағалар», «Балдыз», «Өмір толғауы», «Тойға шашу», «Балтабай», «Мұраттың төкпесі», «Қос тұйғын» тағы басқа күйлері халқымыздың рухани байлығына қосылған асыл қазыналар. Көптеген туындыларын ауылдың әнші, күйші, жыршыларынан бастап еліміздің атақты өнер шеберлері орындап, облыстық, республикалық радио, телевидениенің «Алтын қорына» жазылған.
«Батыр баба-Жанқожа», «Махамбеттің толғауы», «Тойға шашу», «Астанаға сәлем» сияқты симфониялық күй-поэмаларын атақты Қазанғап атындағы «Халық оркестрі» мен Тұрмағанбет атындағы облыстық қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің тұрақты репертуарында күмбірлете ойнайды.
«Халық» газеті ұжымы марқұмның отбасына, ағайындарына, туған-туыстарына, барша өнер адамдарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!