Кеше қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХV сессиясы өтті. Оған қала әкімі Серік Қожаниязов қатысты. Жиында алдағы міндеттер, бас шаһардың перспективалық даму жоспарлары талқыланды, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Алдағы күндері облыс орталығының дизайн коды қалыптастырылып, бас шаһардың тарихи келбетін жаңашылдыққа бейімдеу, жаңа стильге бағыттау қолға алынады.
Орталықтандырылған ыстық сумен қамту алдағы үш жыл ішінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Күрделі жұмыстарды үйлестіруде көпқабатты үйлердің өжірелері тазартылып, кәріз, ауызсу және жылу жүйелері толығымен жаңартылады. Бұл тұрғындар үшін өте тиімді болмақ.
Жаңадан құрылған «Жасыл Қызылорда» мекемесі қалаға аяқ су жіберу, көгалдандыру жұмыстарына дайындықты бастап кетті. Мекеме қызметкерлері Алматыдан арнайы келген мамандармен тал отырғызу, көшеттеу, дендропарктер, тұқым бақтарын ашу бойынша іс-шараларды нақтылауда.
Қалада апатты деп танылған көпқабатты 51 үй бар. Алдағы меже – жыл сайын берілетін пәтерлер санын көбейту арқылы осы мәселені түбегейлі шешу, тұрғындарды жаңа баспанамен қамту. Биылғы жылдың өзінде Тасбөгет кентінен 130 пәтерлік тұрғын үй салу көзделуде. Жалпы, аймақтың бас шаһары қарқынды құрылыс алаңына айналуда. Облыс әкімінің қолдауымен көптеген тұрғын үй, әлеуметтік нысандар салынып, көшелер кеңеюде.
Бастамалардың барлығы халық игілігіне бағытталуда. Серік Салауатұлы: «Қаланың кіреберіс жолдарын реттеу бойынша да ауқымды істер атқарылады. Мысалы, ескі «ЦКЗ» ғимаратының қаңқасы бұзылады. Теміржол вокзалы былтыр жөндеуден өтті. Енді Е.Әуелбеков көшесінен Тағзым алаңына дейінгі аралық жаңғыртудан өтіп, өзінің бірегей, тарихи келбетін қайта табады. Әуежайдан қалаға дейінгі жол да жаңғыртудан өтіп, кеңейтіліп, велосипед жолағы, жаяу жүргіншілер жолы салынады», – деді.
Халық қалаулылары халықтың қолайлы ортада өмір сүруіне бағытталған ілкімді істерге қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!