Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Банкке  бодандық

08.12.2025, 10:10 26

HALYQLINE.KZ

Демографиялық деректерге қарасақ, биыл Қазақстандағы халық саны 20 миллион 400 мыңға жетіпті. Оның еңбекке жарамды ересек бөлігі 13 миллион екен. Осы 13 млн адамның 9 миллионының (!!!) мойнында несие (кредит) қамыты бар. Бұл дегеніңіз – экономикалық белсенді халықтың 80 пайызы. Оның 1,6 миллионы қарызын өтей алмай зар қағып жүр. Бүгінгі таңда несие қарыздарының жалпы сомасы 24 триллион теңгеден асып кеткен.

2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанның банк секторында екінші деңгейлі 23 банк жұмыс істеп тұр. Оның 15-і шетелдіктердің қатысуымен құрылған. 10 банк сол банктердің еншілес құрылымы саналады.

Интернетте бар деректерге көз салсақ, 2023 жылдың қорытындысы бойынша жеке тұлғалардың 38,5 млн (!) банктік есепшоты бұғатталған. Яғни, бұл дегеніңіз – әрбір төртінші есепшот (25,9%) деген сөз. 2023 жылы банктерде заңды тұлғалардың 2,24 миллион шығыс операциясы тоқтатылған.

Мұның жағымсыз жақтары көп. 2013 жылы сот шешімдерін орындау өндірісінің аясында шетелге шығуына шектеу қойылған адамдар саны 86 548 болса, бұл көрсеткіш кейін жылдан-жылға өсіп отырған. 2024 жылы мұндай шектеу салынғандар көрсеткіші 300 мың болған. Әділет министрлігінің деректеріне қарғанда 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында сот орындаушылары 235 463 адамның Қазақстаннан шығуына шектеу қойған. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткіш мыңдаған адамға көбейері сөзсіз.

Осыдан көріп отырғанымыз – халықтың тұрмыс жағдайы жылдан-жылға нашарлап бара жатқаны. Қағаз жүзінде экономикалық «жетістіктеріміз» көп болғанымен, халықтың нақты тұрмыс жағдайы ондай емес! Үкімет банктерге құл болып отырған халықтың жағдайын жеңілдететіндей қадамдар жасауға тиіс!

Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев),

жазушы-публицист.

(Әлеуметтік желідегі парақшасынан)

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: