Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков, аудандық мәслихат төрағасы, аудан ардагерлері және тиісті сала басшыларымен бірге «Самара–Шымкент–Еңбекші» автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, деп жазады баспасөз қызметі.
«Самара–Шымкент–Еңбекші» жолы – аудан тұрғындары үшін маңызды көлік қатынасы желілерінің бірі. Қазіргі уақытта жолдың 4,3 шақырым бөлігі «Гежуба Шиелі Цемент компаниясы» ЖШС-нің демеушілігі есебінен жөнделуде. Жоба аясында жол төсемін толық жаңарту, сапалы асфальт жабындысын төсеу, жол жиегін ретке келтіру және қауіпсіздік талаптарына сай белгілер орнату жұмыстары жүргізіледі. Жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз қатынас мүмкіндігі артып, көлік қозғалысының сапасы жақсарады.
Айта кетейік, аудан аумағындағы жол инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Соның бірі – «Шиелі–Тайқоңыр» автожолына жүргізілген жөндеу жұмыстары. Аталған жоба Kazatomprom ұлттық атом компаниясының еншілес мекемесі KAP Logistics серіктестігінің қолдауымен жүзеге асырылып, 13 шақырым жол толық жөндеуден өтті.
Жалпы, мұндай жобалар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!