Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауылдастары мұқтаж отбасыға үй салып берді

16.10.2020, 9:20 829

HALYQLINE.KZ

Қазалы ауданындағы ауыл жастары асарлатып жүр. Қ.Пірімов ауылының азаматтары осы елді мекендегі мүмкіндігі шектеулі отбасыға үй салып берді. Баспананы тұрғызып қана қоймай, оның ішін қажетті жабдықтармен де қамтамасыз етті. «Көп түкірсе – көл» деген осы болар, дейді аудан әкімінің баспасөз қзыметі.

Тұрғын үйге мұқтаж отбасыға үй салу жөнінде құмжиектік азаматтар өткен жылы қасиетті Рамазан айында ақылдасып, қазан айында үйдің іргетасын құйып қойған. Оған негізгі себеп осы ауылдың байырғы тұрғыны, ІІ топ мүгедегі Орысбай Науханбаевтың ауласын жыл сайын су басып қалады. Биылғы көктемде қатты жауған жаңбыр суы үй ішіне дейін жайылып кетті. Сондықтан ауыл азаматтары «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», жаңа үйдің кірпішін қалауды бастап кетеді.

– Өткен жылы Оразаның уақытында ауылдың азаматтары өзара ақылдасып, Орысбай ағамызға үй салу туралы шешім қабылдағанбыз. Бастапқы уақытта бірқатар азаматтардан ғана қаржы жинаймыз деп келісілген болатын. Алайда мен фейсбук әлеуметтік желісіне салған азғантай видеомнан кейін, осы ауылда туып, қазіргі таңда еліміздің әр түкпірінде жүрген азаматтар да хабарласып, көмек қолын созатынын жеткізді. Солай болды да. Небәрі 3 күннің ішінде бізге 1,6 млн теңге ақша жиналды. Осылайша біздің қайырымдылық ісімізге ауылдың үлкен-кішісі де, сырттағы тілекші ағайындар да біркісідей атсалысты. Үйдің құрылысын салуға бір тиын да ақша жұмсамадық. Үйдің іргетасын құюдан бастап, кірпішін қалау, шатырын жабу, сыртын сылап-әрлеу жұмыстарына дейін ауылдың жігіттері атқарды. Көмектесеміз деп келген азаматтардың қатары өте көп болды. Оған еліміздегі карантиннің септігі тиді деп ойлаймын. Тіпті бір күні 100 адамға дейін келген уақыт та болды. Сондықтан бұл іске атсалысқан барша азаматтарға ауыл тұрғындарының атынан алғыс айтамын, – дейді Қ.Пірімов ауылындағы №92 мектептің мұғалімі Сәбит Ықыласов.

Ауыл азаматтарының арқасында Орысбай Науханбаевтың отбасы жылы да жайлы, заманауи құрылыс материалдарымен салынған үйде тұрып жатыр. Жақында ғана жаңа үйге көшкен олардың ауыл азаматтарына айтар алғысы шексіз.

– Мен туғаннан 2-топ мүгедегімін. Әйелім де мүмкіндігі шектеулі жан. Сондықтан да өзіміздің үй салуға шамамыз келмейді. Жыл сайын ауламызды су басып, үйіміздің қабырғалары бұзылды. «Әрі қарай не болар екен?» деп ойланып жүргенде, бір күні үйдің іргетасы құйылды, кірпіш келді, содан соң ағаш келді. Осылайша жақында жаңа үйге қоныс аудардық, – дейді Қ.Пірімов ауылының тұрғыны Орысбай Науханбаев.

Мұнан бөлек, Қ.Пірімов ауылының азаматтары тағы бір отбасына көмек қолын созуда. Атап айтар болсақ, мүмкіндігі шектеулі Бектілеу Ізтілеуовтың үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Қайырымды жандар үйдің еденін, терезесін және шатырын толық ауыстырып, ішкі-сыртқы сылақтарын түсіріп, қайтадан сылауда.

Халқымызда «Оң қолың бергенді сол қолын көрмесін» деген сөз бар. Десек те қиындыққа тап болған отбасыларға жақсылық жасап, жанашырлық танытқан Қ.Пірімов ауылы азаматтарының қайырымдылық ісі көпке үлгі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: