Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапарымен Ақбасты ауылында болып, тұрғындармен кездесті, деп жазады баспасөз қызметі.
Заманында теңіз жағалауын мекендеген ауылдың бүгінгі негізгі тіршілік көзі – мал шаруашылығы. Жағалау елден алыстағанмен, балықшы қауымның ұрпағы бейбіт елде табысты өмір кешуде.
Аудан басшысы Аманжол Сақыпұлы №22 орта мектеп ғимаратында тұрғындармен кездесіп, ауданда өткен жылы қолға алынған жұмыстар туралы баяндап, елдің ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдады.
Кездесу барысында тұрғындар алдымен шалғай орналасуына қарамастан сапалы ауызсу жеткізуге күш салған азаматтарға алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, мобильді интернетпен қамту мен жол мәселелері де талқыланды.

Аудан әкімі А.Оңғарбаев елдегі мәселелердің барлығынан хабардар екенін айтып, кездесуде ауылдағы ағайынның өтініштерін әрқашан назарда ұстайтынын, мүмкіндіктер шеңберінде шешім қабылдайтынын жеткізді.
Айта кетейік, өткен жылы аудан бойынша 12,8 млрд теңге қаржыға 318 шақырым ауызсу желісі тартылды. Сол жобалардың бірі – Ақбасты ауылын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету. Қосамандағы су айдау насостық станциясынан 125 шақырым қашықтықта орналасқан ауыл тұрғындары бүгінде таза су тұтынып отыр.
Сонымен қатар, Тоқабай, Ерімбетжа және Тастүбек елді мекендері толықтай орталықтандырылған ауызсу желісіне қосылды. Келесі кезекте Абай ауылын да желіге қосылатын болады.
Бұл жобалар тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға және әлеуметтік жағдайды нығайтуға бағытталған нақты қадам саналады.
***
Аудан әкімі Қаратерең ауылдық округіне де барып, өңірдегі бірқатар маңызды нысандардың жұмысымен танысты.
Сапар «Көкарал» бөгетінен бастау алып, ондағы су деңгейі мен гидрологиялық жағдай қаралды. Бұл нысанның өңір үшін маңызы зор екені атап өтіліп, су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылды.
Одан әрі аудан әкімі жеке кәсіпкер А.Сейітжановқа тиесілі балық шаруашылығына барып, тоған шаруашылығының жұмыс барысымен танысты. Кәсіпкерлік нысандағы өндіріс көлемі, жұмыс орындары және саланың даму әлеуеті талқыланды.

Сапар барысында жаңадан салынған мәдени-демалыс саябағы да қаралып, ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне жасалған жағдайлар бағаланды. Саябақ ауласында биыл мектеп бітіруші түлектермен бірге тал отырғызып, санаулы уақыттардан соң үлкен өмірге аяқ бастан жас талапкерлерге сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, №82 орта мектепке барып, білім беру мекемесінің материалдық базасы мен оқу процесінің ұйымдастырылу деңгейі зерделенді.
Жұмыс сапарының қорытындысында аудан әкімі ауыл тұрғындарымен кездесу өткізіп, өткен жылы аудан көлемінде атқарылған ауқымды, нәтижелі жұмыстарды баяндады. Атап айтқанда, инфрақұрылымды дамыту, сумен қамту, жол жөндеу, кәсіпкерлікті қолдау және ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар кеңінен айтылды.
Кездесу барысында тұрғындар өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын жеткізді. Кездесуде Қаратерең мен Жаңақұрылыстың екі ортасын байланыстыратын жол мәселесі, ауылішілік электр желілерін жаңғырту, ауыл балаларын спортқа бейімдеу мақсатында қазақ күресінен үйірме жұмыстарын қолға алып, арнайы маман тағайындау мәселелері сөз болды. Барлық көтерілген мәселелер бақылауға алынып, тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктелді.
Қаратерең ауылдық округінде алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жалғасын тауып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты түрде қамтамасыз етілетін болады.
***
Кезекті сапар Жаңақұрылыс ауылдық округінде жалғасты. Аудан әкімі ауыл тұрғындарымен кездесу өткізіп, ауданда жүзеге асырылған көлемді, нәтижелі жұмыстарды баяндады. Атап айтқанда, инфрақұрылымды дамыту, жол жөндеу, ауызсу жүйесін жетілдіру, елді мекендерді абаттандыру және әлеуметтік нысандарды жаңғырту бағытында атқарылған жұмыстар кеңінен сөз болды.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Аудан басшысы әрбір мәселені назарға алып, жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Тұрғындармен болған келелі кездесуде аудан прокуроры Дарын Әбіш тұрғындарды қазіргі кезде белең алған интернет алаяқтық және ауылдық жерлерде болып жататын мал ұрлығына қатысты сақтық шараларын қатаң ескеруге шақырды.
Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы сапар барысында ауылдық кітапханаға барып, оның жұмысымен танысты. Айта кету керек, аталған кітапхана бұрынғы медициналық бекет ғимараты негізінде бейімделіп, қазіргі уақытта ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп келеді. Мұнда 10 мыңға жуық кітап қоры сақталған. Оқырмандардың сүйікті ордасына айналған кітапханада жыл басынан бері түрлі деңгейдегі танымдық іс-шаралар өткізіліп келеді.
Аудан басшысы мұнан соң жаңадан салынған мәдени-демалыс саябағын көріп, тұрғындар үшін жасалған жағдайлар мен абаттандыру жұмыстарының сапасына назар аударды.
Жаңақұрылыс ауылдық округінде алдағы уақытта да жүйелі жұмыстар жалғасып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында нақты шаралар қолға алынатын болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!