Бүгін Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов бекітілген кестеге сәйкес тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдауға келген тұрғындар аудан басшысына өздерін алаңдатқан талап-тілектерін айтып, оң шешiмiн табуына ықпал жасауды сұрады.
Қабылдауға ең алғашқы болып келген Әйтеке би кенті, Бөріқұлақов №4А/3 үйдің тұрғыны Бисенов Жұбатқан есігінің алдына жол салып беру мәселесін көтерді. Бұған байланысты аудан басшысы биыл Әйтеке би кентінің автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін арттыру мақсатында 16 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары басталғанын айтты. Аталған 16 көшенің ішінде тұрғынның көтеріп отырған Т.Бөріқұлақов көшесі №4 «А» мекен жайдағы 2 қабатты көп пәтерлі тұрғын үйдің ауласынада жол салынатындығын жеткізді. Мәселесінің жуық арада шешімі табылатындығын естіген тұрғын аудан басшысы мен азаматтарға алғысын білдірді.
Жеке қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі жұмыссыздық және тұрғын үй мәселесін алға тартып, өз өтініштерін жеткізді.
Қабылдау барысында аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы әрбір тұрғынның мәселесіне жеке-жеке тоқталып, заңдылыққа сәйкес түсіндіріп өтті.
Мұнымен қоса, өзге де мәселелермен жүгінген азаматтардың арыз-шағымдары мен ұсыныстары бойынша тиісті сала басшыларына мүмкіндіктерді қарастыра отырып, заң аясында шешу қажеттігін тапсырды.
Аудан басшысы қабылдауда айтылған тұрғындардың әрбір өтініші назардан тыс қалмайтынын және олардың заңдылыққа сәйкес орындалуы тікелей бақылауында болатынын жеткізді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!