Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан әкімі: Бұл – жауаптылардың өз қызметтеріне салғырт қарағандығының нәтижесі

12.06.2024, 9:10 137

HALYQLINE.KZ

Кеше Арал ауданы әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен әкімдік мәжілісі өтті, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Жиында осы жылдың І жартыжылдығында қала, кент және ауылдық округ тұрғындарымен кездесуі және нысандарды аралау барысында көтерілген ұсыныс-пікірлердің орындалуы мен коммуналдық меншіктегі бос тұрған ғимараттар мен электр және ауызсу нысандарын теңгерімге беру жұмыстары пысықталды.

Алдымен күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы Н.Бохаев баяндады. Елді мекендерді аралау барысында тұрғындар тарапынан 217 ұсыныс-пікір мен өтініш түсіп, іске асыру жөнінде іс-шаралар жоспары бекітілген. Баяндамашы іс-шара жоспарындағы тапсырмаларға тоқталып, орындалу барысына талдау жасады.

Мұнан соң, аудан әкімі:

– Өздеріңіз естігіндей, 17 мәселе мерзімінде орындалмаған. Бұл жауаптылардың өз қызметтеріне салғырт қарағандығының нәтижесі деп есептеймін. Ауылдық округтердегі көтерілген кейбір мәселені жергілікті жерде шешуге болады. Ауыл әкімдері аудан әкімдігі тарапынан шешілсін деген пиғылда болмауы керек. Мұнымен қоса, іс-шаралар жоспарындағы мәселелердің 70 пайызға жуығы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне, аудандық көпбейінді орталық ауруханасы мен қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне тиесілі. Тұрғындармен кері байланыс орнатылмағандықтан мәселе келесі жиында қайта көтеріліп, халықтың әкімдікке сенімсіздігі туындайды. Халық арасында «Менің мәселем ескерусіз қалды»  деген ой-пікір қалыптаспауы қажет,- деп, қала, кент және ауылдық округ әкімдері, әрбір мәселеге айқындалған жауаптылармен бірлесіп, мәселені шешу бағытында қажетті шараларды қабылдауды міндеттеді.

Сонымен қатар, жиында көтерілген екінші мәселе – аудан бойынша коммуналдық меншіктегі бос тұрған ғимараттар мен электр және ауызсу нысандарын теңгерімге беру жұмыстарының барысы туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Т.Рашев хабарлады.

Бұдан бөлек, аудандағы электр және ауызсу нысандарын теңгерімге беру жұмыстары жөнінде аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Т.Ұзақов тоқталып өтті.

Талқыланған мәселелерге байланысты аудан басшысы қала, кент және ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, бос тұрған ғимараттарды тиімді пайдалану немесе сату бойынша және ауызсу нысандарын теңгерімге беру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Жиын барысында мұнан бөлек елді мекендердің санитарлық тазалығына қатысты кемшіліктерге тоқталып, халықты «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық науқанына атсалысуға шақыру қажеттігін айтты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: