Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан әкім ауылдарды аралады

02.04.2026, 10:15 30

HALYQLINE.KZ

Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев кезекті жұмыс сапарымен Сексеуіл кентіне барып, жаңадан салынатын 100 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебінің құрылыс жұмыстарының басталуымен танысты, деп жазады баспасөз қызметі.

«Қазақстан Темір Жолы» АҚ-ның тікелей қолдауымен бой көтеретін бұл рухани нысан алдағы уақытта ауыл балаларының өнерге деген қызығушылығын арттырып, руханияттың алтын бесігіне айналмақ. Ауыл тұрғындары үшін қуанышты жаңалыққа айналған мәдени нысанның құрылыс алаңына жергілікті халық арнайы жиналып, игі бастаманы жақсылыққа балап, құрбандық шалды.

Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы тұрғындардың қуанышына ортақтасып, құрылыс жұмыстарын жүргізетін «Иман» ЖШС өкілдерімен кездесіп, жобаны белгіленген мерзімде сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды. Жоспар бойынша нысан осы жылдың күзіне дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Одан кейін аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы жұмыс сапарын Қосаман ауылында жалғастырып, №68 орта мектеп ғимаратында ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, алдағы жоспарлар мен жобалар таныстырылды.

Аудан басшысы өңірде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына және аймақ басшысының қолдауымен қолға алынған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешу бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан жол қатынасы, ауылішілік ауызсу желісін жаңғырту, газдандыру және балабақша ашу сынды өзекті мәселелер көтерілді. Аудан әкімі барлық ұсыныс-пікірдің назарға алынатынын және олар бойынша нақты жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

Жұмыс сапары Ақеспе ауылында жалғасты. Мұнда аудан әкімі жергілікті тұрғындармен жүздесіп, өткен жылы аудан көлемінде атқарылған бірқатар маңызды жұмыстарды атап өтті және алдағы міндеттермен бөлісті. Ауыл тұрғындары өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, бірқатар мәселені көтерді.

Аудан басшысы көтерілген барлық мәселе назардан тыс қалмайтынын жеткізіп, оларды кезең-кезеңімен шешу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

***

Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев құландылық ағайынның да ұсыныс-пікірін тыңдады. Көк айдынның жағасында қоныстанған бұл ауыл тұрғындарының негізгі күнкөрісі – мал шаруашылығы. Жағалаудың алыстауына байланысты атакәсіп – балық шаруашылығы қарқынды дамымаса да, ара-тұра жылым тартатын балықшылар бар.

Аудан әкімі жұмыс сапары барысында алдымен «Беларан төбе» шыңындағы Ә.Нұрпейісовке арналған мемориалдық белгіге барды. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, шығармаларында дәуір шындығын шебер бейнелеген қарымды қаламгер Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің есімі әлем әдебиеті мен қазақ руханиятында айрықша орын алады. Жазушының әдебиеттегі сара жолы мен ұлт руханиятына қосқан өлшеусіз үлесі ел жадында мәңгі сақталады. Осы орайда Беларан төбесінде жазушы рухына Құран бағышталып, тағзым жасалды.

Ауыл халқымен өткен кездесуде аудан басшысы теңізді өңірде жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндап, жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларға тоқталды. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан ел өміріне қажетті бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Аудан әкімі әр мәселені назарға алып, оларды кезең-кезеңімен шешу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

Кездесулер барысында аудан прокуроры Д.Әбіш қазіргі уақытта жиі болатын интернет алаяқтық, мал ұрлығына қатысты сақтық шараларын сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: